«Салдармен емес, себеппен күресу керек» – Берік Әбдіғалиұлы

Келер жылы облыс орталығындағы ауыз су сапасына қатысты мәселе оң шешімін табады деп күтілуде. Сол мақсатта да Жезқазғанға келетін судың резервуарлары бүгінгі күні күрделі жөндеуден өтуде.

Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласын аралау барысында 1960 жылдан бері ауыстырылмай, салдарынан істен шыққан резервуар құбырларын айырбастау жұмыстарын бақылады. Сондай-ақ өңір басшысына аталған жұмыстарды жүзеге асыру арқылы апатты жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі мол екендігі айтылды.

Белгілі болғандай, бас-аяғы төрт суағардың екеуі былтыр күрделі жөндеуден өткен, ал біреуі биыл, соңғысы келер жылы толықтай жөнделіп бітпек.

Сонымен қатар облыс әкімі құрылысы 2026 жылы аяқталатын шаруашылық ауыз су тазарту кешеніндегі жұмыстарды қарады. Нысан қолданысқа берілген соң ауыз су заманауи, жаңа технологиялар арқылы тазартылатын болады.

Айта кетейік, Жезқазғандағы суағарлар алпыс жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген, салдарынан құбырлар толықтай шіріген. Сәйкесінше, тіршілік көзін барынша тазартқанмен, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкін болмай келді.