Тарихтан сыр шертетін көрме
Қазақстан түсті металлургиясының бастауында тұрған Қарсақбай мыс балқыту зауытының тарихы тереңде жатқан кəсіпорын екендігі бəрімізге белгілі. Ғасырға жуық тарихы бар кəсіпорынға биыл – 95 жыл толып отыр.
Ұлытау облысының мəдениет, тілдерді дамыту жəне архив ісі басқармасының бастамасымен Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ұйымдастыруымен «Қазақ мысына – 95 жыл» атты жылжымалы көрмесі осыған дейін Ұлытау облысының Жезқазған қаласында бастауын алып, одан соң Сəтбаев, Қаражал, Жəйрем, Жаңаарқа ауданында өткізілген. Бүгін міне, Ұлытау ауданында жалғасын тауып, аталған көрме «Ұлытау» сапар орталығында өткізілді. Оған аудандағы мекеме, бөлім қызметкерлері, мектеп оқушылары жəне «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының қызметкерлері қатысты.
Көрмені «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының Бас қор сақтаушысы Баян Шайгөзова ашып беріп, көрме жұмысына сəттілік тіледі. Бұдан кейін Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің аға ғылыми қызметкері Зияш Ерзақова қойылған көрмемен таныстырды. Көрмеге «Жез дарияның бастауы», «Қарсақбайдың қалыптасуы мен дамуы», «Мыс бұлағын ағызғандар», «Қ.И.Сəтбаев жəне Қарсақбай», «Ұлы даланың мыс жүрегі» атты көрмелер көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ, «Қарашаңырақ Қарсақбай» бейнесюжет көрсетіліп, минералдар коллекция, сувенирлер жəне Қ.И.Сəтбаевтың жеке заттары қойылды.
Жылжымалы көрменің басты мақсаты – Қарсақбай мыс балқыту зауытының тарихымен таныстыру, еңбек адамдарының мыс өңдірісіне қосқан үлестерін насихаттау жəне еңбек əулеттерін көрсету болып табылады.
Аталған көрме ендігі кезекте, Ұлытау ауданына қарасты Жезді кентінде өтіп, ең соңында Қарсақбай кентінде қорытынды іс-шарасымен аяқталады деп жоспарлануда.
Жасұлан АЯШЕВ,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының тарихи-мəдени мұраны қорғау жəне пайдалану бөлімінің кіші-ғылыми қызметкері.