Құрылыс – қатаң бақылауда
Аптаның басында облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ Жезді кентіндегі құрылыс жұмыстары уақытынан кешігіп жатқан нысандарда болды. Басталғанына екі жылдан астам уақыт өтсе де істері мандымаған мердігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды.
Орайы келгенде айта кетейік, осыдан бірер жыл бұрын Жезді кентінде екі бірдей ауқымды құрылыс жұмыстары басталған еді. Оның бірі жаңадан салынатын спорттық-сауықтыру кешені болса, екіншісі көптен жөндеу көрмеген кент ауруханасына күрделі жөндеу жүргізу. Осы жұмыстар басталғанда кент тұрғындары шын қуанған болатын. Алайда, қуаныштары жыл өтпей жатып су сепкендей басылды. Өйткені, құрылыс жұмыстары тым созылып кетті. Тіпті, «сақал» шығатындай жағдайға жетті.
Əрине, жұмыстың бұлай сағызша созылуының өзіндік объективті себептері болғанын да айта кету лəзім. Дейтұрғанмен, бұл жерде мердігерлердің салғырттығы да болмай қалған жоқ. Жə. Ол өз алдына бөлек əңгіме.
Міне, осы сиырқұйымшақтанып, бітпей қойған құрылыстардың жай-жапсарымен енді облыс əкімі өзі келіп танысып, сала мамандары мен мердігерлерге нақтылы тапсырмалар берді. Аймақ басшысы алдымен 160 орынға арналған денешынықтыру жəне сауықтыру кешенінің құрылысына атбасын тіреді.
2020 жылы басталып, тұралап қалған бұл нысанның құрылысы биыл қыркүйек айында қайта жанданған болатын. Қазір құрылыс жұмыстарын «Қарағанды Строй Конструкция» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Өңір басшысы аталмыш серіктестіктің өкілдерімен кездесіп, жұмыстың барысы, алдағы атқарылар істер жайлы əңгімелесті. Құрылыс нысанын аралап, мəн-жаймен танысты. Кездесу барысында серіктестік өкілдері облыс əкіміне биыл жарықтандыру жəне ішкі əрлеу жұмыстарын аяқтап, келер жылы техникалық жабдықтарын алу жұмыстарын жүргізетіндерін жеткізді. «Жалпы, нысанның құрылыс жұмыстарын мамыр айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Осы уақытта спорт кешенінің маңайын абаттандыру жұмыстары басталады», дейді олар.
Берік Əбдіғалиұлы өз кезегінде сала мамандарына жұмыс кестесін қатаң бақылауда ұстау қажет екенін тапсырды.
Бұдан соң өңір басшысы күрделі жөндеу жүріп жатқан Жезді кенті ауруханасына атбасын бұрды. Қазір қос қабатты ғимараттың ішіндегі негізгі жұмыстар аяқталған. Нысанды 15 қазанға дейін тапсыру жоспарда бар. Жыл соңына дейін нысанның сыртқы жұмыстары, яғни қасбетін жөндеу, маңайын абаттандыру жұмыстары аяқталуы тиіс.
Ауруханадағы құрылыстың жайымен танысып шыққан өңір басшысы ендігі кезекте атқарылатын істерді де пысықтады. Бұл орайда облыс əкімі жауапты мамандарға аурухананың жиһаздарын тұтас жаңарту қажет екенін, ол үшін тапсырыс беру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.