КӨШПЕЛІ КӨРМЕ – ЖАҢААРҚАДА

Биыл – қазақ мысының 95 жылдығы. Ел ырысын еселеп, сұрапыл соғыс жылдарында жауға атылған әрбір он оқтың тоғызын өндірген Қарсақбай, Жезді кен орындарын осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын қазақ металлургиясының атасы, академик Қаныш Сәтбаев ашқан болатын. Содан бері тынысы кеңіп, өрісі ұлғайған қазақ мысының қарашаңырағы бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстан экономикасының көшбасшысына айналды.

Жуырда Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі жөніндегі басқармасының бастамасымен, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ұйымдастыруымен «Қазақ мысына – 95 жыл» атты жылжымалы танымдық көрме жолға шыққан болатын. Көрме жұмысы облыс орталығы Жезқазған қаласынан бастау алып, облыстың Сәтбаев, Қаражал, Жәйрем, Жаңаарқа, Ұлытау, Жезді өңірлерінде көпшілік назарына ұсынылмақ.

Бұрнағы күні көшпелі көрме Жаңаарқа ауданында болып, көпшілік көзайымына айналды. Көрмені тамашалаушылар екі күн бойы (25-26 қыркүйек) қазақ түсті металлургиясына қатысты көптеген мағлұматтарға қанығып, өндіріс тарихымен танысты.

Көрмеге «Жез дарияның бастауы», «Қарсақбайдың қалыптасуы мен дамуы», «Қаныш және Қарсақбай», «Ұлы Даланың мыс жүрегі» атты 5 стенд қойылған және көрме қонақтарының назарына «Қарашаңырақ Қарсақбай» атты бейнесюжет ұсынылды. Сондай-ақ, минералдар коллекциясы, тақырыптық сувенирлер мен Қаныш Сәтбаевтың жеке заттары көрме мазмұнын арттырып тұр.

Бүгін көшпелі көрме қазыналы Қаражал қаласына аттанды. Танымдық шара 3 қазан күні қарашаңырақ Қарсақбайда қорытындыланады.

Нұргүл ШАМАЕВА.