ЖАҢАРУ ЖОЛЫ – «ЖАҢАРУМЕН»

Қоғам өзегіне түскен жегі құрт жемқорлықпен күрестегі біріккен іс-қимыл қоғамның түбегейлі жаңаруына жол ашады. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс «Жаңару» жемқорлыққа қарсы қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен жанданып, ұтқыр қадамдарға қол жеткізгені белгілі.

Қоғамдық ұйымның өңірлік филиалдары да жергілікті атқарушы билік органдарымен ынтымақтаса жұмыс істеу арқылы жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізуде ілкімді нәтижелерге қол жеткізуде. Мұндай құрылым Ұлытау облысында да ашылып, оның директоры болып Серік Оспан тағайындалды.

Бүгін аталған қоғамдық бірлестіктің Ұлытау облыстық филиалының директоры Серік Оспан облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлымен кездесіп, қоғамның келеңсіз құбылысымен күресті жандандыру, үздік нәтижелерге қол жеткізу барысын талқылады. Кездесу барысында аймақ басшысы жаңа тағайындалған бірлестік директорының қызметіне абырой тіледі.

Мақсат – ортақ, мүдде – бір. Ол – Жаңа Әділетті Қазақстан құрылысына белсене үлес қосу. Әділетті қоғам жемқорлық күрес мәселесі жалпыхалықтық сипат, мазмұнға ие болғанда ғана орнайды. «Жаңару» жалпыхалықтық қозғалысының бағдарламасы да – осы.

Дәл осы мәселеге қатысты өзекті проблемаларды тамырынан талдаған қос тараптың да пікірі бір арнаға тоғысып, ортақ мәмілеге келісті. Нәтижесінде екіжақты ынтымақтастық Меморандумға қол қойылды.
Рәсімделген құжат негізінде бұл бағыттағы жұмыстың мазмұны артып, тынысы кеңейетін болады. Бұл дегеніміз – жаңару жолы, жаңа мүмкіндік!

Нұргүл ШАМАЕВА.