АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫ
1 қыркүйек күні – Ұлытау ауданының барлық білім ұяларында алғашқы қоңырау соғылды. Биыл, аудан бойынша 189 бала бірінші сыныпқа барды. Оның 45-і іргелі білім ошағы – №1 Ұлытау тірек мектебіне қабылданды.
Аталған білім ордасында да мұғалімдер мен оқушылар Білім күнін қарсы алды. Мерекелік шара Мемлекеттік Туды ортаға əкеліп, Əнұранның орындалуымен ашылды. «Мектебім – мейірім мекені» атты жиынға ата-аналармен бірге аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, аудандық білім бөлімінің бас маманы Айгүл Көшенова қатысты. Салтанатты жиында аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек педагогтар мен оқушыларды оқу жылының басталуымен құттықтады. Оқушылар атынан Перизат Шабаз сөз сөйлеп, ұстаздары мен оқушыларға құттықтау лебізін арнады. Өз кезегінде мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер мектепке деген көңілін өлеңмен жеткізді. Таңдайлары тақылдап тақпақ оқыған «бірінші сыныптықтарға» ата-аналары сыйлықтар табыстады.
Бұдан кейін шаттыққа толы мереке – жаңа оқу жылының «Алғашқы қоңырау» соғу рəсіміне ұласты. Қоңырау соғу құрметіне бірінші сынып оқушылары иеленді. Жиын соңы жоғарыда аталған тақырыпқа сəйкес, əр сыныптарда ашық сабақтармен жалғасты.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.