ҮШЖЫЛДЫҚ ДАМУДЫҢ ҮМІТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауы жылдағы Жолдауларынан ерекше болып отыр. Ерекше болатыны, Президент ел дамуындағы маңызды міндеттердің нақты орындалу мерзімін бекітті.
«Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, сондықтан ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды. Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, елдің даму сипаты тек қана саяси реформалармен шектелмейтінін қадап айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамытуға мол мүмкіндік бар екенін және оны жеделдету керектігін міндеттеді.
Дәл қазіргі әлемдік сын-қатерлер мен санкциялар дәуірінде жер қойнауынан өндірілген шикізатты өзімізде кәдеге жаратып, отандық өнедірістің өрісін кеңейту маңызды.
Бүгінгі Жолдаудағы елді елең еткізген мәселе – АЭС-ның құрылысына қатысты Президент шешімі. Ол АЭС құрылысының мәселесі жалпыхалықтық референдумда шешілетінін мәлімдеді. Яғни, халық қалауымен шешіледі.
Болашақта болжанып отырған су тапшылығы мәселесі де қамтылды бүгінгі Жолдауда. 2040 жылға қарай елімізде 12-15 миллиард текше метрге дейін су тапшылығы сезілуі мүмкін. Осы бір өзекті мәселеге алаңдаушылық білдірген Мемлекет басшысы Қазақстанда Су және интеграция министрлігі құрылатынын мәлімдеді.
Қоршаған ортаны қорғау мәселесі де Мемлекеттік билік бейжай қарайтын жағдай емес. Осы ахуалға қатысты өзекті мәселені дөп басқан Президент ірі кәсіпорындарға үш жылда бір экологиялық аудит жасау керектігін тапсырды.
…Жалпы, барша қазақстандықтар Президенттің жыл сайынғы Жолдауларын аса бір ыждаһатпен күтіп, зор үмітпен қабылдайтыны белгілі. Биылғы Жолдау да ел көңіліндегі көкейкесті мәселені дөп басып, оны шешу жолдарымен бөлісті. Нақты міндет пен меже белгіленді. Түйіндей айтқанда, Президент Жолдауы дамудың даңғыл жолын меңзеп, елді еңселендіретін жобалармен құнды болды!
Нұргүл ШАМАЕВА,
облыстық «SARYARQA» газетінің Жаңаарқа ауданындағы меншікті тілшісі.