Елімізбен бірге жастар да жаңғыруы керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталған. Биылғы жолдаулар, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отыр.

Жалпы елдегі саяси болсын, экономикалық болсын реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, адами капиталды арттыруға, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, түптеп келгенде қазақстандықтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатыр.

Бұл ретте президентіміз жастарға үлкен сенім артуда. Ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін құжаттар жастар санасын жаңғыртып, ұлттық болмысты әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделерді бір арнаға тоғыстырады. Жастар елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алуы тиіс. Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білуге басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Президенттің руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, жастарды қолдау туған еліміз үшін де өте маңызды. Ол үшін өзіміздегі кейбір қасиеттерді жоюымыз керек. Оның ішіне еріншектік пен жалқаулық, мақтан сүйгіштік секілді қанға сіңген қасиеттерді айтпай кетпеске болмас. Сол себепті, осы адамның дамуына кедергі болар қасиеттерді жойған жағдайда біздің ісіміз де алға басары сөзсіз. Даму үшін ең алдымен білім керек. Міне, осы тұрғыда әрбіріміздің көңілімізде білімнің салтанат құруы шарт. Президенттің көздеген негізгі адамдары – ол жастар. Себебі, ұлттық сананы дамытуда болмасын, бәсекеге қабілеттілікті арттыруда болмасын жастардың алар орны ерек. Себебі, олардың ойы жас, барлық дүниені үйренуге құштар, сонымен қатар болашағы алда. Сол себепті, білімнің салтанат құруы жастардың қолында. Біз осы жолдауды тілге тиек ете отырып, жастарға тәлім-тәрбие беруде, оларды алға сүйреуде өз үлесімізді қосуымыз керек. Себебі, елдің дамуы – ол біздің дамуымыз, болашақ ұрпағымыздың дамуы.

Дәулет Сейтпеков,
«Ұлытау жастары» ҚБ төрағасы, қалалық мәслихат депутаты.