Жезқазғанда ЖЭО жаңғырады

Бұл туралы облыс əкімі мен қытайлық компания жəне «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы үшжақты меморандумға қол қою рəсімінде айтылды. Меморандум негізінде Жезқазған қаласының Жылу-электр орталығында жалпы қуаты 100 МВт бу-газ қондырғысының екі блогы салынатын болады.

Орайы келгенде айта кетейік, еліміздегі жылу-энергетика орталықтарының 70 пайыздан астамы халыққа 50 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келеді. Мұндай жағдайда орталықтардағы құрылымдар мен қондырғылардың тозығы жеткені айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысы осы мəселені шешуді салалық министрлік пен жергілікті əкімдерге тапсырды да. Бұған сарапшылар да жұмылдырылды. Олардың пайымдауынша тығырықтан шығар бір жол жылу-энергетика орталықтарын газдандыру.

Міне, осы ілкімді іс біздің облысымызда қолға алынбақ. Осы мақсатта облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы жуырда Аспан асты еліне арнайы жұмыс сапарымен барып, ондағы іргелі компаниялармен келісім жасап қайтқан еді. Нəтижесінде қытайлық компанияның өкілдері қалаға келді. Сөйтіп, Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлы, «Kazakhmys Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Темірлан Өтегенов, Оңтүстік-Шығыс жəне Орта Азиядағы Sepco корпорациясының директоры Уанг Гуанжонг жəне Қазақстан Республикасындағы Синохайдро өкілі Ли Тенг ауқымды іске негіз болар үшжақты меморандумға қол қойды.

Нақтырақ айтар болсақ, Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлы мен «Kazakhmys Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Темірлан Өтегенов «Жезқазған Жылу Электр орталығында жалпы қуаты 100 МВт бу-газ қондырғысының екі блогын салу» жобасын іске асыру туралы Меморандумға, «Kazakhmys Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Темірлан Өтегенов пен Қазақстан Республикасындағы Синохайдро өкілі Ли Тенг Жезқазған қаласындағы Жылу электр орталығы алаңында қуаты ≈ 100 МВт бу-газ қондырғысын құру бойынша келісім-шартқа, ал «Kazakhmys Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Темірлан Өтегенов пен Оңтүстік-Шығыс жəне Орта Азиядағы Sepco корпорациясының директоры Уанг Гуанжонг бу-газ қондырғысының жобалық қужаттамаларын дайындау бойынша келісім-шартқа қол қойды.

– Жобаның жалпы құны шамамен 80 миллиард теңге. Іске асыру мерзімі 2023- 2026 жылдар. Бу-газ қондырғысын іске асыру жəне кейіннен пайдаланған кезде жаңа жұмыс орындары ашылады. Пайдалану басталғаннан кейін қондырғы 104 МВт дейінгі электр жүктемесінің тапшылығын жабуды қамтамасыз етеді. Облыс бюджетіне қосымша қаражат түседі, ал халықаралық инвесторларды тарту қолданыстағы жəне жаңа жергілікті өнеркəсіптік объектілерді жаңғырту мен кеңейтуде өз рөлін атқара алады, — дейді өңір басшысы Берік Əбдіғалиұлы өз сөзінде.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.