Құрметті Ұлытау облысының құрылысшылары!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңадан құрылған жас облыстың қарыштауы мен инфраструктурасын дамыту үшін құрылыс саласының маңызы зор.
Ауқымды сала еңбеккерлерінің арқасында биыл барлық қаржыландыру көзі есебінен 111,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта мемлекеттік және құқық қорғау органдары бөлімшелері мен мекемелерінің мемлекеттік қызметшілерін әкімшілік ғимаратпен қамтамасыз ету жоспарланған.
Жаңаарқа кентінде 210 көрермен орны бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда.
Сондай-ақ Жаңаарқа ауданының 2 елді мекенінде, Ұлытау ауданының 2 елді мекенінде 4 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жалғастырылуда.
Биыл Ұлытау ауданының 4 елді мекенінде, Жаңаарқа ауданының 1 елді мекенінде 5 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталды.
Оқушыларға жағдай жасау мақсатында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатына арналған 200 орындық жатақхана құрылысы басталып, пайдалануға берілуі 2024 жылы жоспарланған.
Құрметті құрылыс саласының майталмандары!
Құрылыс – бұл жай ғана мамандық емес, бұл жасампаздыққа құштарлық! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт тілеймін! Туған жерімізді көркейтудегі игі істеріңіз әрдайым жемісті, нәтижелі болсын!
Құрылысшылар күні құтты болсын!
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
Ұлытау облысының әкімі.