Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою керек

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресу жəне оны жеңу мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Сыбайлас жемқорлық бірталай экономикалық заңдардың іс-əрекетін төмендетеді жəне əлемдік қауымдастық алдында елдің беделін түсіреді. Тəжірибе көрсеткендей, бұл дерт мемлекеттік жүйенің барлығын бұзады, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет абыройының құлдырауына ықпал етеді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пəрменді күрес үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-əрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Азаматтық қоғамның барлық институттарының күш-жігерін біріктіру, осы дерттің одан əрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың халықаралық тəжірибесі мен барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы. Сол себепті де мұндай ауыр кеселді тек мемлекеттік жəне құқық қорғау органдарының күшімен жеңе алмаймыз. Жемқорлықпен күресуді бүкіл халық болып қолға алсақ қана тоқтатуға болады. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты бағыты – оның алдын алу, яғни, оның себептері мен шарттарына ықпал жасау болуы керектігін ескерген жөн. Халқымызда «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген қанатты сөз бар. Сондықтан да құлқынның қамын ойлағандардың теріс əрекеті бүкіл адамдарға кері əсерін тигізбеуі үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесе, ымырасыз күрескеніміз дұрыс.

Ұлытау ауданының прокуратурасы.