Елдің қамы – ерекше назарда
Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ жұмыс сапарымен Мибұлақ ауылына барды. Мибұлақтықтардың бұған дейінгі түйткілді екі мəселесі – интернет желісі жəне ауызсу мəселесі еді. Бүгінгі күні аталған мəселелер оң шешімін тауып, жұртшылық дəн риза.
Аудан басшысы алдымен аудандық бюджет есебінен жасалған қосымша су ұңғымасын көрді. Жоспарға сəйкес, 800 м су құбыры қазылып орнатылған. Су шығаратын насос қойылып, электр қуатын беретін трансформатор орнатылған. Арнайы электр бағандары орнатылып, ауызсу тұрақты түрде берілуде. Интернет желісімен де барлық ауыл тұрғындары толықтай қамтамасыз етілген.
Келесі кезекте, аудан əкімі Мибұлақ ауылында аудан əкімінің өкіміне сəйкес, ашылған өрт сөндіру бекеті бөлімшесінде болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Қазіргі уақытта өрт сөндіру бекетіне 5 адам тұрақты түрде жұмысқа алынып, арнайы өрт сөндіру көлігі беріліп отыр.
Бұдан кейін жергілікті клуб үйінде Аманжол Батырбекұлы ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Есепті кездесуге аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов, аудандағы тиісті мекеме, бөлім басшылары жəне ауыл тұрғындары қатысты. Ауыл əкімі Сағындық Дəндібаев атқарылған жұмыстары жəне алдағы жұмыс жоспары жөнінде баяндады.
Жиынға қатысқан аудандық мекеме, бөлім басшылары да өз салаларына қатысты ақпараттарын берді. Жиын барысында аудан басшысы интернет пен ауызсу мəселесі оң шешімін тапқандығын айтты. Ауыл ішінде 25 адамға арналған фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатқандығын атап өтті. Алдағы уақытта көше жолын асфальттау, саябақты қоршау, электр желілерін ретке келтіру жұмыстары жасалатындығын жеткізді. Сондай-ақ, ауыл əкімінен ауыл «Аманаты» бағдарламасының өту барысын сұрап, аталған бағдарлама аясында бірқатар тапсырмасын берді.
Аудан əкімінің баспасөз қызметі.