Күрежолға түрен түсті
Қаншама жылдан бері айтыла-айтыла жауыр болған мəселенің бірі – Ұлытау-Арқалық күрежолының жайы болатын. Бүгінде осы мəселе біртіндеп шешіле бастағандай.
Біртіндеп деп бейнелеп айтып отырғанымыз да жай емес. Өзге жолдар сияқты емес, бұл күрежолдың күрмеуі əлі толық шешіле қойған жоқ. Бірақ, бастауы бар. Қазір аталмыш бағыттағы автожол жыл сайын белгілі бір мөлшерде жөнделіп отыратын болады. Мəселен, биылғы жылдың еншісіне 20 шақырым жолды жөндеу тиген еді…
Жуырда облыс əкімі «Ұлытау-Арқалық» бағытындағы автожолды жөндеу бойынша құрылыс жұмысының барысымен танысып қайтты. Ұлытау ауданындағы жұмыс сапарында өңір басшысы аталмыш құрылыстың жай-жапсарын көзбен көріп, тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар жолдың 7 шақырымында қайта қаптау (ресайклирование) жұмыстары аяқталған. Автогудронатормен битум қоспасы құйылыпты. 10 шақырым жолға ірі түйіршікті асфальт жабынын төсеу жұмыстары жүргізілген.
Жұмыстың барысымен танысқан Берік Əбдіғалиұлына мердігер ұйым өкілі биыл қолға алынған 20 шақырым жолдың 11 шақырымына бір қабатты асфальт жабыны төселіп, қолданысқа берілетінін, екінші қабатын төсеу мен қалған 9 шақырымның жұмыстары келесі жылы аяқталатынын жеткізді.
Ізбасар ОЙБАС.