Берік Әбдіғалиұлы Жаңаарқа ауданының әкіміне ескерту жариялады

І жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Жаңаарқада «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасының аясында бөлінген қаражаттар игерілмеген. Атап айтар болсақ, 7 жоба бойынша аяқталмаған байқаулар бар, 2 жобаның келісім-шарты бұзылуда, 1 жоба техникалық қадағалауға қабылданбаған. Осыған байланысты Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы аппарат жиынында аудан әкіміне еркерту жариялады.

Жиында баяндама жасаған Ұлытау облысы экономика басқармасының басшысы Виктория Ставицкаяның айтуынша облыста I жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қаражатты игеру — конкурстық рәсімдерді кеш өткізу, жұмыстарды уақтылы бастамау салдарынан жылдық жоспардың 14,7%-ын ғана құрап отыр.

Биыл облыс бойынша «Ауыл – ел бесігі» аясында 9 елдімекенде 21 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның үшеуі екі елдімекенде нысандардың (Жаңаарқа ауданындағы 210 орындық денешынықтыру және сауықтыру кешені, Ұлытау селосындағы күніне 100 адам қабылдайтын емханасы бар 20 төсектік ауылдық аурухана, Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу желілерін салу және көшедегі 10 бір пәтерлік үш бөлмелі коммуналдық тұрғын үйді абаттандыру) бой көтеруіне байланысты болса, 17-сі Ұлытау және Жаңаарқа аудандарының кентішілік жолдарын жөндеуден өткізу.

Тағы біреуі – Қарсақбай кентіндегі Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары. Жаңаарқа ауданы бойынша 7 жоба аясында 22,3 шқ. және Ұлытау ауданы бойынша 10 жоба аясында – 22,7 шқ.жөндеу жұмыстары көзделген.