Нысандарда болды. Жұртшылықпен жүздесті

Жуырда облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ Борсеңгір ауылына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы алдымен өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Жұртшылықпен жүздесіп, өзекті мəселелерді талқылады.

Берік Əбдіғалиұлы өзінің Борсеңгір ауылындағы жұмыс сапарын автокөлік жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысудан бастады. Орайы келгенде айта кетейік, биыл «Теректі-Борсеңгір» автокөлік жолының 18 шақырымы орташа жөндеуден өтуде. Оның 12 шақырымын жөндеуге 172 млн. 958,0 мың теңге бөлінген. Бүгінгі күні мердігер тарапынан жолдың бетін қыру-тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, «Теректі-Борсеңгір» автокөлік жолының қалған 6 шақырымын ағымдағы жөндеуге 72 млн. 688,0 мың теңге бөлінген. Қазіргі уақытта жұмыстың 90% аяқталған.

Жолдың барысымен танысқан аймақ басшысы мердігер компания өкілдеріне жолдың əр метрін сапалы жөндеп, оны мерзімінде аяқтауды тапсырды.

– Əлгінде байқағанымыздай ауылға кіреберіс тұстағы жол бөлігі жап-жақсы тегістеліпті. Өзге бөліктердің де сапасы тура сондай болуы керек. Осыны қатты қадағалаңыздар, – деп тапсырды облыс əкімі ауыл басшысына.

Жалпы, биыл Борсеңгір ауылында ауылішілік жолдар да жөнделмек. Мəселен, Қазыбек би, Наурыз, Бейбітшілік көшелерінің жолдарын жаңғыртуға 60 млн. теңге қаражат бөлінген.

Бұдан соң өңір басшысы бірінші қабаты жөнделіп жатқан Мінəжат Мыңқаев атындағы №10 Борсеңгір орта мектебіне атбасын бұрды. Мектептің бірінші қабатына жөндеу жұмыстарын жүргізуге – 21 млн. теңге бөлінген. Мердігер ұйым аталған жұмысты тамыз айында аяқтамақ. Сонымен қатар, аталған білім ошағының робототехника кабинетіне 6 млн. 700 мың теңгеге жабдықтар орнатылады деп жоспарлануда. Мектептің кітапханасына 1 млн. 200,0 мың теңгеге жиһаздар сатып алынған.

Ауылдағы маңызды нысандарды аралап шыққан облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы Борсеңгір ауылының тұрғындарымен кездесті.

– Ауылдағы жолдың жайын көзімізбен көрдік. Мектепте де 80 млн. теңгеге ағымдағы жəне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның басшыларымен кездесіп, тиісті тапсырмалар берілді. Жұмыстар кестеге сай жəне сапалы жүргізіліп, уақытылы аяқталатын болады. Бұл біздің бақылауымызда, – деді өңір басшысы ауыл тұрғындарымен кездесуде.

Борсеңгірліктер облыс əкіміне балаларға арналған ойын алаңдарын орнату, ауыз су, жұмыссыздық, жол, жарық мəселелері жайында өз сауалдарын жолдады. Кездесуде жолаушылар көлігінің болмауы басты мəселеге айналғаны да айтылды.

– Жолдар қалпына келтірілген соң бұл мəселені де қолға аламыз. Жолаушылар тасымалымен айналысатын кəсіпкерлерді шақырып, сөйлесеміз. Жол жайлы болса кəсіпкерлер де ынта танытады деп ойлаймын. Борсеңгір мен Жезқазған қаласының арасында аптасына екі-үш рет жолаушылар көлігін жүргізуді қолға аламыз, – деді əкім жиынды қорытындылай келіп.

Жиыннан кейін өңір басшысы азаматтарды жеке қабылдап, борсеңгірліктерді толғандырған мəселелер бойынша жауапты басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.