Жаңа оқу жылына дейін Жезқазғанға ыстық су берілуі қажет – Берік Әбдіғалиұлы

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласында жүргізіліп жатқан жылу желілерін, көпқабатты үйлердің қасбетін жаңарту, абаттандыру, құрылыс жұмыстарының барысын қадағалады.

Өңір басшысы алдымен Жезқазған қаласындағы жылу желілерін қайта құру және жаңарту жұмыстарына барды. Құрылыс қазіргі уақытта ІІІ кезеңде. Кестеге сай жүргізіліп келеді, толықтай 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ аталған жұмыс аясында Берік Әбдіғалиұлы Алашахан көшесінде де болды. Қос нысан да алдағы қыс мезгіліне дайындық мақсатында, Жезқазған тұрғындарын жылумен сапалы түрде қамтамасыз ету үшін жүргізілуде. Осы орайда облыс әкімі күздің алғашқы айына дейін жезқазғандықтарды ыстық сумен толықтай қамту міндетін алға қойды. Ол үшін аталған жұмыстарды кестеден қалдырмауды тапсырды.

Сонымен қатар облыс әкімі 4-5 шағынаудандардағы көппәтерлі тұрғынүйлердің қасбетін күрделі жөндеу жұмыстарын да бақылады. Өңір басшысы жұмыстардың сапасын қадағалауда ұстау қажеттігін тапсырды.

Облыс орталығында бой көтеретін денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс жұмысы да Берік Әбдіғалиұлының назарынан тыс қалмады. Өңір басшысы аталған нысан бойынша мердігер ұйымның ғимаратты салудан бөлек, оның жан жағын абаттандыру, жабдықтауы қажет екенін жеткізді.

Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласындағы Байқоңыров көшесінде жүргізіліп жатқан қалаішілік жолдың жөндеу жұмыстарын да бақылады. «Сенім Строй» ЖШС аталған жұмысты қыркүйек айына дейін аяқтайды деп жоспарлануда.