Әскерден жалтарма, еліңді қорға
Әр дәуірдің өзіне сай әскери құрылымы, жүйесі қалыптасады. Егемендігімізді алып, Тәуелсіз ел болғанда шекарамыз шегенделіп, әскеріміз жасақталды. Ата-бабаның ұрпағының игілігіне қалдырған жерін қорғау, шекара шебінде тұру – әрбір өскелең ұрпақтың парызы.
Кешегі келмеске кеткен Кеңес заманында үш жылға дейін әскери міндетті орындау үлкен жауапкершілік болатын. Тіпті әскерден себепсіз жалтару ер азаматқа үлкен сын еді. Қазір өз елімізде, шалғайға шығандамай-ақ өз Отанын қорғаудан тайсақтайтындардың қатары көбейді. Әлбетте, бұл үлкен қателік деп білемін. Рухы мықты, айбыны асқақ батыр бабалардың ұрпағы өз жерін қорғауда қиындыққа сынбауы керек.
Әскер – өмірдің мектебі. Сол мектептен өткен әрбір азамат өмірдегі қиындықтарды қасқайып тұрып, жеңіп шығады. Бүгінде баласын әскерге жіберуге қарсы ата-аналарды көргенде іштей налисың. «Әскердегі кейбір келеңсіздіктерден жүрегіміз шайлыққан. Үміт артып отырған баламыздың амандығы керек» деген сыңайдағы әңгімені де жиі естиміз. Мұндай пікірлер кейбір жастардың әскер қатарында болуына кері әсерін тигізетіні шындық.
ҚР Конституциясының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп айтылған. Яғни, ол жерде отбасылық жағдайға, қорқақтығына байланысты бармай-ақ қойса болады деген сөз жоқ. Әрбір азаматтың қасиетті парызы екенін ұғу керек. Бұл – Отан алдындағы, отбасы алдындағы парыз. Әскер – соғыс майданы емес, шыңдалу ортасы. Ел басына күн туған шақта туған жерді қорғай білуге баулитын орта. Сондықтан, жас өркен, әскерден жалтармай, еліңді қорға! Елдің амандығы мен тыныштығы сендердің қолдарыңда!
Әбулаис Мулахов,
«Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесі Сәтбаев филиалының жетекшісі.