Ақын ұлын қарсы алды жерұйығы…

Жезқазғандағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбайдың «Жезқазған — жерұйығым жүректегі» атты шығармашылық кеші өтті.

 

Биыл ақын мерейлі 65 жасқа толды. Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегерін мерейтойымен және туған өлкедегі шығармашылық кешімен Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Шығармашылық кеште ақынның өлеңдері оқылып, сөзін өзі жазған әндер шырқалды. Сонымен қатар, жергілікті жас ақындар мерейтой иесіне арналған жыл жолдарын жеткізді.

Біртуар жерлесіміздің КарЛаг трагедиясы туралы жазылған «Қара орамал» поэмасы әлемнің 16 тіліне аударылды. Поэма 2017 жылы Швецияның Стокгольм қаласында өткен VI «ОРЕN EURASIAN» әлемдік байқауында жүлделі үшінші орынды иеленді. Режиссер Теміржан Жанботаев поэманы С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрында сахналады. Қазіргі уақытта қойылымның премьерасы көрермен назарына ұсынылуда.