Берік Әбдіғалиұлы VIII шақырылған Ұлытау облыстық мәслихатының бірінші сессиясына қатысты
Бүгін Жезқазғанда VIII шақырылған Ұлытау облыстық мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Отырысқа Ұлытау облысы әкімі қатысты. Берік Әбдіғалиұлы депутаттарды жұмыстарының басталуымен құттықтап, халық қалаулыларына өңір тұрғындарының игілігі үшін қызметінде табыс тіледі.
Аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының VIII шақырылған Ұлытау облыстық мәслихаты депутаттарын сайлау қорытындылары туралы ақпаратын тыңдап, олардың өкілеттіктерін мойындай отырып, бірінші сессияда Ұлытау облыстық мәслихаты төрағасын сайлау қаралды.
Дауыс беруге екі кандидатура ұсынылды: өткен сайланған облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов және «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бекзат Дайрабайұлы. Бауыржан Шыңғысовтың кандидатурасы депутаттардың көпшілік даусымен қолдау тапты.
Сонымен қатар, отырыста тұрақты комиссиялардың құрамы құрылып, бекітілді.
Ұлытау облысының экономикалық даму, бюджет, қаржы, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып №3 аумақтық сайлау округі бойынша депутат Еркебұлан Бодықов сайланды.
Ұлытау облысының әлеуметтік қорғау, халықтың денсаулығын сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және жастар мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып «Amanat» партиясының депутаты Зина Ақылбекова сайланды.
Ұлытау облысының аграрлық, жер, ауыл шаруашылығы, ветеринария мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып «Ауыл» партиясының депутаты Гүлназ Омарова сайланды.
Ұлытау облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, қала құрылысы, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып «Ақ жол» партиясының депутаты Ақылбек Аманов сайланды.