Өлке тарихының шырақшысы

Ұлт ұясы – Ұлытауда Жезді музейінің ұйымдастырушысы, тұңғыш директоры Мəкен ТӨРЕГЕЛДИННІҢ туғанына 100 жыл толуына орай, « Төрегелдин тағылымы » атты жылжымалы көрменің ашылуы болды. Тағылымды басқосуға асыл текті азаматтың көзін көрген аға буын өкілдері, əріптестері, музей жанашырлары қатысты.

Көрмеге қатысушылар əуелі Мəкен Төрегелдиннің мағыналы тірлігінен сыр шертетін құжаттары мен жеке мұрағатынан алынған жəдігерлерге назар салып, өлке тарихына айрықша із қалдырған тұлғаның фотокөрмесін тамашалады

Қадірлі меймандар қатарында аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Əлімбек Жандарбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Əбдірайымов, ардагер-педагог Шəрипа Сағадиева, «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының басшысы Бақтияр Қожахметов, «АМАNАТ» партиясының Ұлытау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Думан Жұманов, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи қорық-музейінің қор сақтау бөлімі басшысы Баян Шəйгөзова болды. Олар қажырлы қайраткер хақында тебірене ой толғап, мол мəлімет-деректерді ортаға салды. Танымал тұлғаны еске алушылар өрелі сөздің өрісін кеңейтіп, Мəкен ағаның кісілік болмысын, адами қасиетін, іскерлік қабілетін əр қырынан жан-жақты əңгімеледі. Осы ретте металлургия өндірісінен сыр шертетін көрме Жезді музейінің мəртебесін Алты Алашқа əйгілеп тұрғандай көрінді маған. Бұл сөз жоқ! Мəкен Төрегелдиннің ерен еңбегінің нəтижесі. Елін сүйген жүректен ел сүйсінер іс туады деген осы болар.

Негізінде, музей мəдениет пен тарихты ұштастырып, өткенді қадірлеп-сақтап келер ұрпаққа аманат етіп табыстаушы мəдени орын. Бүгінде қандай ел болмасын, сол елдің тарихын, рухани құндылығын музейден іздейді. Осы жағынан алғанда, Жезді музейіндегі тарих куəгері болған құндылықтарды жəдігер ретінде сақтап, қазіргі күнге сол қалпында жеткізуге ықпал жасаушы М.Төрегелдиннің еңбегі зор. Осылайша, саналы ғұмырын музей үшін сарп ету екініңбірінің қолынан келе бермейтіні анық. Ол үшін адамның өзі рухани бай, əрі сезімталдығымен қатар, мұқалмас жігер иесі болу қажет. Осындай қабілет Мəкен Төрегелдиннің бойынан табылып отыр. Оған толық негіз бар. Ол кісі ұйымдастырған музей заман көші ілгері жылжыған сайын өркендеп, биіктеп барады. Бүгінде музей тақырыбы мен экспозициясы жағынан алғанда, елдегі теңдесі жоқ, тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азия мемлекеттеріндегі музейлерден дараланып көрінеді. Ондағы тарихи құндылықтарға ешқандай қаржы жұмсалмаған, жекеленген азаматтардың, кəсіпорындардың тарихқа деген қамқорлығы арқасында музейге тарту есебінде жинақталған экспонаттар. Дəл қазіргі кезде бұл жəдігерлер мемлекет есебіне алынған құнды дүниелер болып отыр. Бір таңқаларлығы, музейдің экспозициялық тақырыптың жүйесі Орталық Қазақстандағы тау-кен жəне металлургия ісінің сонау ежелгі дəуірлерінен бері тарихын хронологиялық жүйемен көрсете білуінде жатыр. Əсіресе, палеолит, неолит дəуірлерінің жəдігерлері, сонымен қатар, тастан жасалған алғашқы еңбек құралдары, мыс, қола, темір жебелері, найза ұштары, сонау көне дəуірлерде пайдаланылған балқыту пешінің үлгілері, қазірде ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Бұл экспонаттардың географиясы əр алуан əрі жеке-жеке тарих десек артық айтқандық емес. Осындай құнды дүниелерді көрмеде жұртшылыққа Мəкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейінің басшысы Зейпін Қазанбаева таныстырды.

Сөз орайы келгенде, айта кетейік, Жезді музейі 1988 жылы 21 желтоқсанда Қазақстан Министрлер Кеңесінің Жарлығымен құрылған екен. Ал, ресми түрде 1994 жылы 15 қарашада Жезді тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейі болып ашылды. Содан бері музей тарихты, мəдениетті қастерлеу аясында орасан жұмыс атқарып келеді.

Ал, Мəкен ағамыз тасты жарып шыққан емен секілді кесек тұлға. Болмысы бөлек жан еді. Асыл аға өз тіршілігінде парасатты өмір сүріп, атақ-даңққа да ие болды. Көзі тірісінде Жезді, Ұлытау аудандарының, Түркістан қаласының Құрметті азаматы атанды. Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Құрметті профессоры болды. Тізе берсек, орден-медальдары да, абырой атағы да жетерлік. Бір атан түйеге жүк боларлықтай дүние.

Тағылымды шараға қайта оралсақ, Жезді музейінің ұжымы көрмеден кейін №1 Ұлытау тірек мектебінің акт залында семинар-тренинг өткізді. Оған аудан аумағындағы мектептердің музей меңгерушілері қатысты. Семинар барысында Жезді музейінің басшысы Зейпін Қазанбаева бастаған музей қызметкерлері Үрзипа Қапарова, Шолпан Əбдібекова мектеп музейлерінің меңгерушілеріне қажетті мəліметтерді ұсынып, бағыт-бағдар берді. Əңгіме барысында экспонаттарды қабылдау, құжаттардың реттік белгілерін белгілеу, тіркеу актісін толтыру, жəдігерлерді сараптау жəне танымал ету мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал, мектеп музейлерінің меңгерушілері өздері жинақтаған жəдігерлерін слайд арқылы таныстырды.

Шара соңында тренингке қатысушылар Зейпін Қазанбаева мен оның ұжымына алғыстарын білдіріп, көңілді тарқасты.

Қайрат ЖҰМАБАЙ