Ұлытау облысында «Қаныш» фильмінің көрсетілімі өтті

Бүгін «Kinoplexx Жезқазған» кинотеатрында қазақтың көрнекті ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа арналған «Қаныш» фильмінің жеке көрсетілімі өтті. Оған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, фильмнің актерлері мен шығармашылық ұжымы, мұражайлардың қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, журналистер мен блогерлер қатысты.
Фильмнің сценарийі 1926-1932 жылдар аралығындағы нақты тарихи оқиғаларға негізделген.
 «Біз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз – көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы фильмнің көрсетілімі. Оның күш-жігерінің арқасында Жезқазған өңірі алып елдің өнеркәсіп орталығына айналды. Бұл халқымыздың тарихындағы қаһармандық, сонымен қатар қасіретті бет болды. Сондықтан да ХХ ғасырда қазақ зиялыларымен болған оқиғалар қазіргі және кейінгі ұрпақтың жадында сақталуы тиіс. Осындай керемет фильм түсіргені үшін бүкіл түсірілім тобына рахмет!» – деді Берік Әбдіғалиұлы.
 Айта кету керек, «Қаныш» фильмінің түсірілімінің елеулі бөлігі Ұлытау облысының аумағында, нақты айтқанда Сәтбаев қаласында, Қарсақпай ауылында және Ұлытау ауылында өтті.