Ұлытау облысының санавиациясы пациентті жеткізу үшін алғашқы ұшуын жүзеге асырды

Ұлытау облысының жаңадан құрылған санитариялық авиация қызметі өзінің практикалық жұмысын бастады. Санавиация бригадасы алғашқы ұшуын облыс орталығынан Астана қаласына жүзеге асырды. Жезқазған қаласының облыстық көпсалалы ауруханасының пациенті – бүйрек жеткіліксіздігі бар бала Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына аман-есен жеткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың соңында Ұлытау облысының аумағында «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» КМҚК жаңа кәсіпорны ресми тіркеліп, өз қызметін бастаған болатын, оның құрамында алғашқы рет санитарлық авиация бөлімшесі құрылды. Кәсіпорын ҚР Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен шарт бойынша жұмыс істейді, «Жезқазған-эйр» (Жезқазған қ.) және «Орлан-2000» (Астана қ.) авиакомпанияларымен шарт жасалған. Екі әуе кемесі, сондай-ақ қажетті жабдықтармен жабдықталған жер үсті көліктері бар. Қызмет көрсету кезінде облыстық көпсалалы аурухананың медициналық мамандары тартылады.