Жезқазғанда бас шырша шамдарын жағу рәсімі өтті
Жезқазғанда Ұлытау облысының бас шыршасының шамдары жағылды. Дәстүрлі рәсім Алғашқы құрылысшылар алаңында өтті. Мерекеге қала тұрғындары, балалар мен жергілікті әртістер жиналды.
Жезқазғандықтар мен облыс орталығының қонақтарын өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.
«Құрметті жерлестер! Өздеріңізге мәлім, алдымызда жоспарымыз көп. Облыс орталығында да, жалпы өңірде де оң өзгерістер болады. 2023 жыл өңірімізді өркендетіп, әр шаңыраққа бақ-береке әкелсін деп тілеймін. Келе жатқан мереке құтты болсын! Жаңа жылда зор денсаулық, бақыт және толағай табыс тілеймін!»— деді Ұлытау облысының әкімі.
Бас шырша шамдары салтанатты түрде жарқыраған соң, жиналған қауым Аяз Ата мен Ақшақар бастаған ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен өткен мерекелік концерттік бағдарламаны, театрландырылған қойылымды тамашалап, түрлі сыйлықтар ойнатылған байқауға қатысты. Салтанатты шара мерекелік отшашумен аяқталды.