Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр

С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған сазды-драма театрына – 50 жыл

Желтоқсанның басы жезқазғандық өнер сүйер қауым үшін жағымды жаңалықпен басталды. 2 желтоқсан күні өңіріміздегі іргелі өнер ордасы Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған сазды-драма театры өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті.

Жарты ғасырдың тойына Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлы арнайы қатысып, өнер ұжымын театрдың 50 жылдық мерейтойымен құттықтап, автобус көлігін тарту етті.

Өңір басшысы өз сөзінде театрдың қол жеткізген табыстары, талантты əртістерінің өнерді өркендетуге қосқан үлесіне жан-жақты тоқталып, оның келешегі жайлы да кеңінен сөз қозғады. Аймақ басшысы əсіресе «Қазақмыс» корпорациясының қаржысына үлкен театрдың сметалық-жобалық құжатының дайындалып жатқанын, жаңа театр құрылысы 2024-2025 жылдары салынып пайдалануға берілетінін сүйіншілеп айтты.

Облыс əкімінің айтуынша, жаңа театрдың ғимараты заманауи үлгіде салынады. Оның 450 орындық үлкен залы мен 200 адамдық кіші залы жəне театрдың тыныс-тіршілігіне қажетті өзге де бөлмелер мен үй-жайлары болады. Корпорация бұл мақсатқа 12 млрд. теңге қаржы бөліп отыр. Сондай-ақ, 50 жылдық мерейтойдың барлық шығындарын да аталмыш компания көтеріп отырғанын айтып өту лəзім. Театр ұжымы да осындай жомарттық пен қамқорлық танытып отырған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриевке ризашылық сезімдерін де білдірді.

Салтанатты жиында облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы театр басшысы Д.Сəкенге, Парламент Мəжілісінің төрағасы Е.Қошановтың, Мəдениет жəне спорт министрі Д.Абаевтың Құттықтауларын тапсырды.

Бұдан соң кезек марапаттау шараларына берілді. Театрда ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан əртіс Жəнібек Арыстанбековке, əдебиет бөлімінің меңгерушісі Үмітай Молдабергенге, музыка бөлімінің меңгерушісі Үмітай Абдулаеваға, аудармашы Балдырған Жаппарханова, қуыршақ группасының жарық берушісі Күлəн Бəйдешоваға «ҚР Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісі салтанатты түрде тапсырылды.

50 жылдық тойға арнайы келген меймандар – Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының төрағасы, ҚР халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов құттықтау сөз сөйлеп, актерлер Бақытжан Ибраев пен Ерке Бəйдешовқа «Дара» төсбелгісін тапсырса, Астана, Қарағанды, Арқалық қалаларындағы театрлардың басшылары құттықтау сөз сөйлеп, бағалы сыйлықтарын тапсырды.

Өз тілшіміз.