Қоршаған ортаны қорғау – игілікті іс

Қазақстан Республикасы Үкіметінің №867 санды қаулысымен 2021 жылдың 7 желтоқсанында «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Республикалық мемлекеттік мекемесі еліміздегі 14 ұлттық табиғи парк болып құрылып отыр. Ұлттық парктің жалпы жер көлемі 58912 гектарды құрайды. Бұл аумақ — Қазақстанның орталығы ғана емес, бүкіл Еуразия даласының кіндігі болып есептеледі.

Ұлытау ұлттық паркінің негізгі мақсаты – биологиялық жəне ландшафттық əртүрлілікті сақтап қалу, арнайы экологиялық, ғылыми, тарихи-мəдени жəне рекреациялық құндылығы бар табиғат қорғау мақсаттары үшін мемлекеттік табиғи резервтік қордың бірегей табиғи кешендерін жəне объектілерін пайдалану болып табылады.

Бұл ретте ұлттық парктің негізгі жəне тікелей мақсаттары мен міндеттері аң-құстардың санын анықтау жəне олардың санын молайту жұмыстарын ұйымдастыру жəне зансыздыққа жол бермеу болып табылады. Аңшылық шаруашылығының басты мақсаттарының бірі жан-жануарларды қорғау жəне санақ жүргізу болып табылады. Қазіргі таңда Ұлытау аймағында аққоян, киік, борсық, елік, қабан, қасқыр, түлкі, сілеусін, дала күзені, орқоян, қарсақ сияқты жануарлар мекен етеді. Ал құстарға келетін болсақ, қара тырна, дала қыраны, бүркіт, үкі сияқты құстар бар. Бұл құстар қызыл кітапқа енген құстар болып табылады. Табиғат қорғау министрлігіне қарасты құстардың түрі шіл, құр, ақ сұңқар, безгелдек болып табылады. Осы аң-құстарды келешек ұрпаққа сақтап қалу мақсатында ұлттық парк қызметкерлері арнайы жұмыстар ұйымдастырумен айналысады.

Қазіргі уақытта аудан көлемінде рейдтік жұмыстар ұйымдастырылды. Ешқандай тəртіп бұзушылықтар тіркелген жоқ. Ұлытау ұлттық паркі құрылғаннан бері 70 рейдттік жұмыс ұйымдастырды. Ұлттық парктің алдағы жоспарларына сəйкес, аумақтағы аң-құстарды сақтап қалу жəне санағын жүргізу жұмыстары əрі қарай да жүргізіледі.

Заңсыз аң аулау фактілері тіркелген жағдайда əкімшілік айыппұл мен құқықбұзушылыққа əкеп соғатынын ескертеміз.

Олжас МАНАТ,

 «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Республикалық мемлекеттік мекемесінің аңшы-биологы.