Қаламы қарымды журналист
Ұлт ұясы – Ұлытаудан түлеп ұшқан қаламы ұшқыр журналист Ізтай Бейсенбаевтың журналистика саласына қосқан үлесі зор. Журналист ретінде ұлттық рух, елдік мүддені арқау еткен мақалалары арқылы жұртшылыққа жақсы таныс. Кеше де, бүгін де адами қасиеттің əдебін бұзбаған қаламы қарымды əріптесіміз қараша айының 2-сі күні 60 жасқа толады. Ол əрдайым ауылдың қоңыр тіршілігін, Ұлытаудың тарихи келбетін жазған жазбаларына енгізіп келе жатқан талантты журналист.
Қашан көрсек те қорғасындай салмақты мінезімен байыпты да байсалды қалпында кездестіреміз. Əр кез əріптестеріне ақыл-кеңес беруден де əсте жалыққан емес. Баспасөз саласының жілігін шағып, майын ішкен кəнігі маман. Газеттің қамы үшін күш-жігерін аяған жоқ. Алғашқы еңбек жолын 1982 жылы Жезді ауданының «Октябрь туы» газетінен бастап, араға екі жыл салып аудандық «Ұлытау өңірі» газетіне тілші болып орналасады. Міне, содан бері журналистика саласына 40 жыл тер төккен майталман журналист. Осы уақыт ішінде ол өзін іскерлігімен, туа біткен талантымен қаламы жүйрік журналист ретінде танылды. Əсіресе, сын-сықақ арнаулы мүйісін қолға алып, жүйелі түрде газет бетіне бере бастаған кездері көп болды. Қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды сатира тілімен келемеждеп, əзіл-əжуаға кеңінен жол ашқан журналистің бірі. Оның қаламынан туған сырға толы мөлтек əңгімелерін іздеп жүріп оқитын оқырмандары да көп. Ізекеңнің бір ғажабы уақытпен санаспайды. Қай уақытта болмасын қолынан қаламы түскен емес. Шалғай ауылдармен де жиі əрі жедел хабарласып, түрлі тақырыптардағы жаңалық хабарларды оңтайлы етіп бере қояды. Бұл əрине Ізекеңнің қарым-қабілеттілігінің кереметтілігі.
Былай қарағанда, əрбір адам – өзгеше бір əлем. Əйтседе, қабілеті, мүмкіндігі, ішкі қуаты, ақыл-парасаты тұрғысынан өзгешеленіп тұратыны рас. Сондай қабілет бойынан табылатын азаматтың бірегейі Ізекең. Оның жүрген жолы өнегемен өрілген десем артық айтқандық емес. Мына өмір ағысында көп адамды кездестіреміз. Кейбірінің өзін көріп, өмірбаянын ақтара қалсаң, іліп алар түгі жоқ. Атағы аспандап тұрса да жазғандары мардымсыз. Ал Ізекең туралы сөз басқа. Аймақтық «Сарыарқа» газетіне, аудандық «Ұлытау» басылымына жазған мақалалары ой саларлықтай керемет дүние. Осыған қарап-ақ, айшықты, ғибратты жолын көруге болары анық.
Бүгінгі күні Ізекеңнің баспасөз саласына сіңірген еңбегі, төккен тері ескеріліп Қазақстан Журналистер одағының мүшесі атанды. ІІ жəне ІІІ дəрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерін кеудесіне тақты. Тəуелсіздіктің 25 жəне 30 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталды. Тəжік-Ауған соғысы қоғамының жұмысын насихаттағаны үшін арнайы төсбелгімен наградталды. Сан мəрте Жезқазған, Сəтбаев қалаларының жəне Ұлытау ауданы əкімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Айта берсек, əр жылдары алған марапаттары бір атан түйеге жүк боларлықтай дүние.
Ал, қазіргі жазғаны да көп, тоқығаны жетерлік. Ізекеңнің шығармашылық жұмысын, тəлімгерлік тəжірибесін бөлісе отырып, оның қаламгерлік жолын үлгі еткен жас журналистер қаншама. Əлі де ол кейінгі буын əріптестеріне темірқазық боларына сенім зор. Өйткені, баспасөз саласында мол тəжірибесі бар. Сəтбаев қалалық «Шарайна» газетінің тілшісі, жауапты хатшысы, бас редакторы болды. Қазір аудандық «Ұлытау» газетінде Жезді өңірі бойынша меншікті тілшісі. Осы жолдарда Ізекең əрдайым абырой мен адамдықты биік ұстады. Өмір жолында кездескен қиындықтарға мойымады. Ең бастысы – адамдық қалпынан айнымады, адами қасиетін жоғалтпады. Қашан көрсекте үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетіп жүретін ақкөңіл жан. Осындай жақтарымен көпке сыйлы, елге үлгі болған ақылшы аға. Ал, редакциядағы жұмысына келетін болсақ, жас əріптестерінің қаламын ұштап, журналистік шеберлік арқауын ширата түскеніне əркез куə болып жүрміз. Газет тілінің барған сайын өткірлене түсуіне, оқырман қауымы арасында беделінің арта беруіне ықпал жасап жүрген тəжірибелі журналист. Бұл мақалада Ізтай Белгібайұлының қаламгерлік қабілетін ғана емес, оның баспасөз саласына төккен терін айтып отырмыз. Өйткені, алдағы күні мерейтойы. Асқаралы алпыстың белесіне шыққалы тұр. «Алпыс деген тал түс» дейді қазақ. Əрдайым өз биігіңізде, өз иініңізде тіршілік кешіп жүре беріңіз, Ізеке!
Қайрат ЖҰМАБАЙ