Адал еңбек бір арнада тоғысқан

«Əлемнің əміршісі еңбек, еңбек бəрін жеңбек» демекші, дөңгеленген жершарында жұмырбасты пенденің бір-бірінен абыройын асырып, маңдайын жарқыратып көрсететін еңбек. Еңбек адамы қай қоғамда болса да ортасына сыйлы. Өйткені, адал еңбек пен төгілген тер əрдайым өз жемісін берері ақиқат. Ал, əңгімеміздің арқауы шеңберлік Хасен Əбдірахмановта – нағыз еңбек адамы. Оның өмірі, еңбек жолы ауыл халқына үлгі-өнеге.

Хасен Ақышұлы – 1952 жылы Шеңбер ауылында туған. Дария кеуде, тау мүсін қариялардың, жақсы мен жайсаңдардың ақыл-кеңесін бойына сіңіріп өскен жан. 1968 жылы №2 Қорғасын орта мектебін бітірісімен Арқалық қаласындағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі. 1970-72 жылдары армия қатарында болып, Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарады. Жоғарғыда аталған оқу орнын 1973 жылы бітіріп шығады. Дипломын қолына алысымен Шеңбер кеңшарының қат-қабат жұмысына кірісіп кетеді. Бастапқыда кеңшардың инженер-электригі əрі қарай машина-трактор жөндеу орнында еңбек етеді. 1977-1980 жылдары К-700 тракторын жүргізіп, егін орағы кезінде комбайншы да болады. Осындай қолынан іс келетін Хасен Ақышұлын билік өкілдері еңбегін ескеріп, №4 трактор бригадасының бригадирі етіп тағайындайды. Бұл салаға да ол он жылға жуық еңбек сіңіреді.1991-1995 жылдары кеңшардың МТМ меңгерушісі қызметін атқарады. Осы тұста сан мəрте аудандық, облыстық алғыс пен құрмет марапаттарына ие болған. Жекешелендіру бағдарламасы басталған кезде 1997 жылы жеке шаруа қожалығын құрады. Мұнда да аянбай тер төгіп, шаруашылығын өркендетіп, мал басын көбейтеді. Ауыл тұрғындарын жем-шөппен қамтамасыз етеді.

Бүгінде Хасен ағаның «Бекарыс» шаруа қожалығын көркейтудегі қол жеткізген толағай табыстары мен істерін жалғастырушы кенже ұлы Дəурен Əбдірахманов. Ол əке жолын қуып, сенім үдесінен көрінуде. Шаруа қожалығын жұмысын əп сəтте-ақ дөңгелетіп əкетті. Еңбек десе құлшынып тұрған азамат. Шөп шабу оны тасып жылдан-жылға мал басын көбейтіп келеді. Өйткені, оған əкесі тура жолды айқындап берді. Қазіргі Дəуреннің мақсаты мал өсіру, оның пайдасын көру, өзіне де өзгеге де пайдасын тигізу. «Мал баққандікі, жер жыртқандікі» демекші, бүгінде ол ерінбей еңбек етіп, шаруа қожалығын алға сүйрей бастады. Осындай төзімділіктің арқасында еңбегінің нəпақасын көріп отыр. Биылғы санақта ірі қара, жылқы, ұсақ малдар саны едəуір өскені байқалады. Тілге тиек етер айшықты жұмыстары көп. Шеңбер округіндегі алдыңғы қатардағы шаруа қожалықтарының біріне айналды. Дегенмен, Дəурен еңбек десе жанып тұрған жан. Шаруашылықтың қыр-сырын жетік меңгеріп алған. «Талапты ерге нұр жауар» деген осы емес пе?! Өйткені, Дəуреннің талабы таудай. Өзі жігерлі, əкесінің сеніп тапсырған тапсырмасын орындау үстінде. Мұны ол үнемі атқарған ісімен дəлелдеп отыр.

Ал, уақыт деген неткен жүйрік! Кешегі еңбек майталманы Хасен ағамыз да жетпістің желкенін көтергелі тұр. Құдай қаласа қараша айында жетпіс жасқа толады. Дүйім елдің алдында түзу де жақсы жол көрсетіп, ілкімді іс бастауға шақыратын ел ағасы, ауыл халқы алдында құрметті. Шеңбер ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болғанына да біраз жылдың жүзі болды. Адал еңбегімен ел алдында беделді, көпшілікке сыйлы. Ол үшін ең бірінші бірлік қымбат. Өйткені, Хасен аға елін сүйген ардақты азамат. Халықтың бірлігін нығайтуды ойлайды. Өмір жолына көз жүгіртсек, зайыбы Сəуле екеуі бес баланы тəрбиелеп, өсірді. Олардың бəрі алуан салада жемісті еңбек етіп, егемен еліміздің игілігін еселеуге, тəуелсіздігіміздің тұғырын нығайта түсуге атсалысып, жастық жалыны мен күш-қайратын жұмсауда. Бұл күнде сол балаларынан өрбіген 14 немерені сүйіп отырған ардақты ата, абзал əже. Олар адал еңбекпен бақытын тапқан еңбекқор жандар.

Қайрат ЖҰМАБАЙ