Ұлттық ойын ұлықталды

Материалдық емес мəдени мұраға қатысты дүниежүзілік тізім жасақталған болатын. Сол тізімге қазақтың салт-дəстүрін дəріптеуге байланысты 11 атау енгізілген. Соның бірі – ұлттық ойындар.

Жуырда, «Ұлытау» сапар орталығында «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығы Қазақстан ЮНЕСКО ұйымы, «Ұлы тағзым» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, қазақтың ұлттық ойыны – «Асық ату» ойынын ұлықтады. Шараның басты мақсаты материалдық емес мəдени дүниежүзілік мұраға қатысты асық ойынын насихаттап, балаларға ойын тəртібін үйрету болды.

Іс-шараға Ұлытау облыстық мəслихатының депутаты, Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның өкілі, «Ұлы тағзым» қоғамдық ұйымның атқарушы директоры Бақтияр Қожахметов, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығы РМҚК директоры Нұрлан Қасымбеков, директордың орынбасары, бөлім басшылары, қызметкерлері жəне мектеп оқушылары қатысты.

Өткізілген іс-шараны Ұлытау қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Баян Шайгөзова ашып, жалпы асық ойынын негізгі мақсатын оқушыларға түсіндірді. Бұдан соң Бақтияр Қожахметов сөз сөйлеп, материалдық емес мəдени мұраның дүниежүзілік тізімге енгізілген қазақтың салтдəстүрін насихаттайтын атауларға тоқталды.

Шара барысында оқушылар «Асық ату», «Ханталапай», «Бес асық» сайыстарына қатысты. Аталмыш ойындардың тəртібімен ұжым қызметкерлері Қуантай Жабағин мен Қымбат Мағзұмова таныстырды.

Сайыстың қорытындысында ІІІ орын Шерхан Қуанышқа бұйырды, ІІ орынға Тамерлан Айдосұлы ие болса, І орынды Ақарыс Бейсалы жеңіп алды. Ал, Ералы Қуанышқа ынталандыру сыйлығы берілді.

Жүлдегерлерге ақшалай сыйақы мен «Ұлытау мұрасы» атты кітаптар табысталды. Марапатты «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығы директорының орынбасары Аман-Серік Есенғалиұлы табыс етті.

Ақбота БОЛАТОВА,

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының қызметкері.