Ұлытау ауданының спорт өмірінде ерекше орын алатын оқиғалардың бірі ретінде аудан әкімдігінің тапсырысы бойынша «Ан-Ниса 2020» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шағын футбол турнирі үлкен қызығушылықпен қабылданды. Іс-шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындарды спортқа тарту және жастардың тәрбие бағытындағы белсенділігін арттыру болды.

 

Турнирге ауданның әр өңірінен 9 команда қатысты. Аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерден де спортшылар келіп, жарыстың ауқымын кеңейтті. Ойыншылардың жігері мен шеберлігі көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов пен аудан мешітінің бас имамы Жанболат Рахымбердиев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, олар турнирдің жастарды салауатты өмір салтына баулу мен олардың спорттық қабілеттерін шыңдау үшін маңызды екенін атап өтті.
Турнир нәтижесі бойынша «Saq» командасы І орын мен 200 000 теңге
көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды. ІІ орын мен 150 000 теңгелік жүлде «Мешіт» командасына бұйырды, ал, ІІІ орынға «Ұлытау» командасы табан тіреп, 100 000 теңгелік сыйақыға қол жеткізді.
Сонымен қатар, жарыс барысында жеке номинациялар бойынша үздік ойыншылар анықталды. Атап айтқанда, «Үздік ойыншы» номинациясы «Saq» командасының ойыншысы Аманжол Серікболға, «Үздік қақпашы» номинациясы «Ұлытау» командасының ойыншысы Али Аманайға, «Үздік қорғаушы» номинациясы «Егінді» командасының ойыншысы Қажымұқан Жарқынға берілді. Барлық номинация иегерлері арнайы сыйлықтармен марапатталып, олардың шеберлігі мен үлгілі ойыны ерекше атап өтілді.
Бұл турнир аудан тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, командалық рухты, бірлікті және жігерлілікті көрсетті. Ұлытау ауданының жас спортшылары осындай жарыстар арқылы өздерінің қабілеттерін шыңдап, елдікті нығайта түседі. Болашақта осындай шаралар тұрақты түрде өткізіліп, ауданның спорттық өмірі одан әрі жандана түспек.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.