Даму бағдарын айқындаған құжат
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ жыл сайын дәстүрлі негізде жариялайтын әр Жолдауы белгілі бір кезең аралығындағы мемлекет дамуының бағыт-бағдарын айқындап беретін құжат, бейнелеп айтсақ, бағдаршам екені күмән тудырмас ақиқат. Тиісінше, бұл Жолдауды елімізде жүргізіліп жатқан саяси, әлуметтік-экономикалық реформаларды жаңғыртуға бағытталған тың идеялар мен бетбұрыстардың уақыт талабымен үндес мазмұнды иеленген заңды жалғасы деп бағамдауымыз қажет.
Президент әлемдегі геосаяси ахуалдың түбірімен өзгере бастағанын атап өте келіп: «Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық э дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет» – деді.
Еліміздің негізгі даму үрдістерін қамтыған Президент Жолдауындағы басым міндеттердің жеті бағытқа жіктелуінде де тарихи мән жатыр. Әрине, тізбелей берсек, басым бағыттар саны жетіден асып кетері даусыз. Соған қарамастан, бүгінгі әлемді әбігерге салған геосаяси сын-қатерлер дәуірінде Қазақстан үшін кезек күттірмейтін міндеттер ретінде жеті маңызды бағыт таңдалған. Олардың барлығы да – өзекті, маңызды міндеттер.
Жаһандану кезеңінде жасанды интеллектінің маңыздылығына айрықша басымдық берген Мемлекет басшысы алдымызға бірқатар міндеттер жүктеп отыр. Ол – ел экономикасының барлық саласын жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы серпінді түрде дамыту. Жаңа технологияларды қолданысқа батылы енгізу арқылы халықтың әлеуметтік ахуалын көтеруге жол ашу.
Президент геологиялық барлау, өнеркәсіпті өркендету, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру, су ресурстарын тиімді басқару, транзит әлеуетін ұлғайту және шекарадағы қызмет сапасын күшейтуде де цифрландыру тәсілдерін кеңінен пайдалануға шақырды және жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыруды мектеп қабырғасынан қолға алып, жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын арттырып, қоғамда цифрлық мәдениет қалыптастыру қажет екенін тілге тиек етті.
Осынау аса маңызды стратегиялық міндеттерді орнықты орындау мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру талабын алға шығарды. Аудандық мәслихаттың депутаттар корпусы бұл қадамды ғылым мен технологияның қарыштап дамып, алпауыт елдердің алға озған кезеңінде қабылданған тың бастама, қажетті шешім деп есептейді.
Жолдауда әлеуметтік қорғауға, қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, өнер мен мәдениет, бұқаралық спортқа қатысты да біршама орнықты ойлар ортаға салынды. Бұл Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін қабылданатын маңызды мақсат әрі мерейлі міндет болары сөзсіз.
Осы орайда білім беру саласында айтарлықтай ауқымды реформалар жүзеге асырылатынын айта кеткен жөн. Президент тапсырмасымен 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін AI Saha бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарламалар мен оқу материалдарын әзірлеу жоспарлануда. Бұдан тысқары, қашықтан оқыту және жасанды интеллект технологиясы негізінде Qazaq Digital Mektebi атты шағын жинақты мектеп үлгісі әзірлеу межесі белгіленіп отыр. Міне, мұның бәрі – еліміздің қарқынды дамуы үшін жоспарланған аса маңызды және мейлінше қажетті қадамдар.
Азаматтардың қаржылық сауатын арттыру да мемлекет назарынан тыс қалмақ емес. Бұл орайда Президент «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтті. Аманаттықтар бұл игілікті істе бірқатар тындырымды шаруалар атқарып келеді. Ол әлі де жалғасын таба бермекші.
Елімізде соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалардың оң нәтижелеріне салмақты баға бере отырып, Мемлекет басшысы қоғамдағы кейбір мәселелерге қатысты өткір сын айтқаны мәлім.
Ол осы ретте «Заң және тәртіп» қағидатына ерекше көңіл аударды. Қазір қоғамда дөрекі әрекеттер мен жөнсіз қылықтар көбейіп, бір-бірін жағадан алып, балағаттау, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері жиі көрініс беретінін, мұның мәдениетті, өркениетті елге жат қылық екенін атап өтті. Мемлекет басшысы осындай келеңсіз әрекеттерге мақсатты негізде арнайы мән берді. Біз отаншылдық пен әсіреұлтшылдықты шатастырмауымыз керек. Президент айтқандай, патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық. Осыны естен шығармауымыз қажет. Әсіресе, жас буын өкілдері Мемлекет басшысының әр сөзін көкейіне түйіп, шындық пен жалғанның, жақсы мен жаманның ара-жігін ажырата білуі тиіс. Сонда ғана бірлігіміз бекем болып, мемлекет іргесі нығая түседі.
Жалпы, ел Президентінің биылғы Жолдауы – барша қазақстандықтардың ертеңге деген сеніміне серпін беріп, мемлекет қауіпсіздігін нығайтып, адам капиталын басты құндылық ретінде бағалай білетін Қазақстанның әлеуметтік бағдары, тың мүмкіндіктердің тыңғылықты бағдарламасы болғаны анық. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
Жолдауда айтылған әр сөздің, әр сөйлемнің артында халықтың тағдыры, елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы тұр. Сондықтан бұл Жолдауды ұлтымызды ұйыстырып, ел тұрғындарының бірлігін нығайта түсуге қабілетті құжат деп бағамдаған жөн.
Жұртшылықтың алдағы күндерге зор үміт артып отырғаны анық. Осы ретте аудандық мәслихат депутаттары атқарушы билікпен, басқа да мемлекеттік ұйымдар және қоғамдық бірлестіктермен тізе қоса отырып, жаңа Жолдаудың әр тармағының талапқа сай іске асуы, Президент берген әр тапсырманың орнықты орындалуы бағытында қайрат-жігерлерін аянбай жұмсауға мүдделі.
Бұл – беріден салсақ, бірегей борыш, ал әріден тартсақ қастерлі парыз!
Марфуға ӘБІЛДИНА,
Ұлытау аудандық мәслихатындағы
«AMANAT» партиясы
фракциясының жетекшісі.