Отбасы ахуалы – қоғам назарында

Адам өмірінің мəні оның отбасының болу жəне болмауымен өлшенеді. Қазақ ұғымында, адамзат тарихында «шаңырағың биік, керегең кең болсын, ошағың сөнбесін» деген даналық сөздің орны ерекше. Неке – отбасын құру мақсатын көздеген ер мен əйелдің ерікті жəне тең одағы.

Отбасы – шағын мемлекет екенін ескерер болсақ, сол шағын мемлекеттің өз қағидасы, міндеттері, ережесі болады жəне де іргетасының мықты қалануы ерлі-зайыптыға байланысты.
Қазіргі таңда отбасы мемлекет қарауынан тыс қалған емес.
Өйткені отбасының адамзат үшін алатын орны ерекше. Ол дегеніміз махаббат пен жылулыққа толы ортаның жағымды жақтары қоғамның ыстық назарында деген сөз.
Өкінішке орай, қазіргі таңда шаңырақ құрған жастар «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деген қазақтың даналық тəмсілін естен шығарып алған сияқты. Нəтижесінде туындаған қиындықтармен күресе алмай екіге бөлініп кетеді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретін, алдына мақсат қоя алмаған жастар қоғамға шығын келтіреді, ортада бала тағдыры сыналады.
Бұндай келеңсіздіктер мемлекет көлемінде айтарлықтай орын алып отыр.
Некенің бұзылуы жəне тоқтауы – ол жалғыз отбасының ғана дерті емес, бүкіл қоғамның дерті десек те болады.
Неке бұзу бойынша ажырасушылар тарапынан ортақ мүлікті бөлу, баламен кездесу уақытын белгілеу, баланың тұрғылықты жерін анықтау сияқты талап-арыздар мен кəмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға қаражат төлеуге қатысты арыздарымен жүгінетінін, сондай-ақ мұндай арыздар мен талап-арыздардың да саны өсіп келе жатқанын тілге тиек етпеу мүмкін емес.
Сол себепті неке шартын құруда ерлі-зайыптылар өмірде адаспайтындай, балалары үшін толық отбасылық өмірдің рақатын сыйлайтын, бақытты өмірдің тізгінін ұстайтын мықты тұлға болуы қажет.

Ұлытау ауданының прокуратурасы.