РЕСЕЙЛІК СЕРІКТЕСТЕР ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН ДА АРАЛАП, ЖОШЫ ХАН ТАРИХИ КЕШЕНІНДЕ БОЛДЫ

Ұлытау облысына арнайы Новгород облысынан келген делегация сапар барысында Жезқазған мыс балқыту зауытына, «Ютария» тігін фабрикасына, «Казтехфильтр» кәсіпорнына барып жұмыс қарқынымен танысты.

Жезқазған мыс балқыту зауыты – әлемдегі мыс өндіруші ондыққа кіретін үздік орын. 1971 жылдан бері қызмет етіп келеді. Негізгі өнімі – тазартылған мыс. Шикізаттан мысты өрескел мыстан алу бойынша зауыт әлемдегі ең үздік бестікке кіреді. Сапасы бойынша тазартылған мыс құрамында 99,99% мыс бар және әлемдік талаптарға сәйкес келеді.

Жезқазған мыс балқыту зауытына қарасты «Казкат» өндіріс орнында 8,16,18 мм. болатын кабельдік өткізгіш сымдарды шығарумен айналысады. Бұл – мысты сымдар өндіретін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. 1994 жылдан бері жұмыс істейді. 100-ге жуық адам жылына 50 000 тонна өнім шығаруға қызмет етіп келеді.

«Ютария» тігін фабрикасында 300-ден астам қызметкер бар. Кәсіпорындарға, әскери, медициналық қызметкерлерге арналған арнайы киім, тоқыма және трикотаж бұйымдарын өндіреді.

«Казтехфильтр» ЖШС өнімдері – қозғалтқыштарға арналған ауа, май және отын сүзгілері. Оларды өндіру барысында жоғары сападағы сұрыптаушы материалдар пайдаланылады. Компания Scania, Iveco, Man, Liebherr, Hitachi, Komatsu, Daf, Mercedes, Caterpellar, Volvo сынды техникаларға өнім беріп отыр. Тұтынушылары «Қазақмыс» корпорациясы, «Восход – Oriel» ЖШС, «Костанайские Минералы» ЖШС, «Шұбаркөл көмір» ЖШС.

Делегация өкілдері жұмыс сапарының соңында Жошы хан тарихи-мәдени кешенінде, Жошы хан кесенесінде болып, 800 жыл бұрын құрылған ұлы ұлыстың тарихымен танысты.

«Ұлытау облысымен біздің өңір арасындағы ынтымақтастық негізінен білім, мәдениет, спорт, экономика саласындағы бағыттарды дамытуды қамтиды. Десе де өндірісті мекен болғаннан кейін, кәсіпорындарды да қарауды жөн санадық. Шынын айтсақ, таң қалып тұрмыз. Себебі мұндай өндірісі тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған жердің болашағы алда» – деді Новгород облысының губернаторы Андрей Никитин.