Жыр — тұмар

Адам баласының ниетіне қарай, жұмыр жер жүрісінен жаңылмай, күн артынан күн шығып, ай артынан ай туып, тіршілік атаулысы жалғаса береді. Алайда қатқыл көңілді жібітетін, қоғамдағы дерттің мұңын арқалап, сырқат тәнімізге дәру болатын бір дүние бар. Ол – періште көңіл поэзия. Арнайы шығарылымда оқырман назарына танымал ақындардың індет тақырыбындағы өлеңдер топтамасын ұсынуды жөн санадық…

Жаны ізгілерім

Әбігерге сап тұлға біткенді,

Биылғы көктем бұлданып келді.

Ғаламды тұтас індет құрсаулап,

Адамизатқа бір қауіп төнді.

 

 Өрге домалап, тасың ғаламат,

Өткіздің күндер басыңнан абат.

Тәңірдің, бәлкім, сынағы шығар,

Індет жіберер ғасыр жаңалап?!

 

Өткен дәуреннің сырын барлаған,

Не күй шертеді ғылымдар маған?!

Обалың кімге болды екен сонда,

Обадан жаппай қырылғанда адам?!

 

Шырылдап жанның қылы шідермен,

Жаулықтың түспей қылышы белден.

Туысқанымның жазығы не еді,

Тырысқақ тиіп,тырысып өлген?!

 

Асаудай арыны бастыққан елдің,

Тағдыр тәлкегін жақсы ұққан ермін.

Кесір күндерде кісі қолымен,

 Қастық та көрдің, аштықтан өлдің.

 

Алғы күндерің ғажаптан да әрі

Аса алсын кімнің қазақтан бағы?!

Маңдайда бағың шырадай жансын,

Арайлап атқан азат таңдағы!

 

Шыбынсыз жаздай саясы нұрлы,

Құшағыңды, өмір, жаясың гүлді.

Тәртіпке көніп, тізгін тартпасаң,

Топалаң, індет аясын кімді?!

 

Ырзығын орта жолда шоқыған,

Бақсы-балгер мен молда-сопыдан.

Үміт күтпе, елім, құр дәмеленбе,

Жанашыр –дәрігер, жолдас оқыған!

 

Тән саулығыңды жаның қаласа,

Оқығандарсызбағыңаласа.

Жарғақ құлағы жастыққа тимес,

Дәрігерлер ғана – жаныңа араша!

 

Жұрт қамын ойлап жан жүдеткенің,

Ұлт үшін түрген бар білектерін.

Абзал жандарға құрметім бөлек,

Ақ халат киген ақ жүректерім!

 

Дауасын дерттің нағыз білерім,

Ажалға араша тәрізділерім.

Аппақ қанатты періште сынды,

Жасай бер, жаса, жаны ізгілерім!

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ

 

Мінәжат

Тұра берсін жер аман, тауым да аман;

Аман жүрсін досым да, жауым да аман;

Адам түгіл, шөптер мен жәндіктердің,

Қиналғанын сезіну – ауыр маған…

Көңілім бар ешкімге тарылмаған,

Аман болсын жат адам, бауыр да аман,

Адам түгіл, тұп-тұнық мына аспаннан,

Жұлдыз ағып құласа – ауыр маған…

Шаршасам да қуатты дауылдардан,

Жауындардан беймезгіл сауылдаған.

Бәріне де көнер ем, тек сәбидің,

Жаутаңдаса жанары – ауыр маған…

Далам да аман тұрса екен, бауым да аман,

Қалам да аман тұрса екен, ауыл да аман.

Бір адамның өлгенін естіп қалу –

Өзім өліп қалғаннан ауыр маған.

Өткереді не зұлмат, құйынды адам,

Елім аман болсыншы, үйім де аман.

Мына сұлу ғаламды сақта, Құдай,

Сол болсыншы беретін сыйың маған!

Ақберен ЕЛГЕЗЕК