Жылжымалы егу тобы ауылдарды аралауға кірісті
Аудандық аурухана жанынан жасақталған жылжымалы егу тобы алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, селолық округтерді мақсатты негізде аралауға кірісті. Олардың міндеті – халықпен жүздесіп, індетке қарсы екпенің маңызы мен тиімділігі жөнінде насихат жұмысын жүргізу және оларға ерікті негізде екпе салу. Топқа аудан әкімінің орынбасары Бағдат БАЙЖАНТАЕВ басшылық жасауда.
Жұма күні түстен кейін берілген ақпарат бойынша жылжымалы егу тобы Борсеңгір, Сарысу ауылдарында болып, Терісаққан ауылына жетті. Борсеңгірде – 10, Сарысуда 30 адам екпе алған екен. Терісаққан ауылында түскі мерзімге дейін 40-қа жуық адам екпе салдырып үлгеріпті, кезекке жазылғандар қатары да қалың секілді.
Бағдат Тілеуліұлының айтуынша, екпе алушылар санатында «Коронавирусты бірге жеңеміз» акциясы бойынша сертификат алу құқығы бар адамдар да баршылық екен. Мәселен, Борсеңгір ауылдық округінің тұрғыны, еңбек ардагері, 77 жастағы қария Сейітжан Байкенжиев(суретте) «Спутник-V» екпесін алып, аталған акция сертификатын иеленген.Сонымен қатар, бір ғана Терісаққан ауылында сертификат алушылар саны 9 адамды құрапты.
Терісаққандағы жұмыс тиянақталған соң егу тобы Шеңбер ауылдық округіне бағыт алады.
Өз тілшімізден.