Жыл қорытындысы – нәтижелі
Жақында Ұлытау аудандық сотының төрағасы міндетін атқарушы Ілияс Іргебаев аудандық «Ulytau» газетінің журналистері алдында 2025 жылдың жұмыс қорытындылары бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.

Журналистер қауымымен жүздесу барысында Ілияс Асылханұлы өткен кезеңнің есепті мәліметтеріне шолу жасап, алдағы атқарылар істердің қыр-сырын ашып берді.
Аудандық сот ұжымының күнделікті қызметінің тиянақталған қорытынды көрсеткіштерін ресми анықтама деректерінен айқын бағамдауға болады. Мәселен, былтырғы жылы 17 қылмыстық іс қаралып, толығымен аяқталған екен. Ал, азаматтық істердің жалпы саны 170-ке жетіпті. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 161 іске нүкте қойылыпты. Олардың ішінде сот үкімінің орындалуына қатысты материалдар 17, тергеу судиясының өкілеттігіне жататындары 24 болып отыр.
Жалпы алғанда, сот шешіміне тікелей қатысы бар жоғарыда көрсетілген істердің жиынтық өлшемі өткен жылдың қорытынды көрсеткішімен салыстырғанда анағұрлым артықтау. Ал, қылмыстық істер бойынша қылмыстық жазалау шараларын тағайындау тәжірибесі толық қалыптасқан. Ең бастысы, қайта және жаңадан ашылған мән-жайларға қатысты сот актілерін қайта қарау жағдайына орын берілмеген. Оның ішінде 13 азаматтық іс медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге сәйкес қысқартылған. Былтырғы жылы да апелляциялық сатыда бұзылған сот шешімдері жоқ. Бұл – сот жұмысының жүйелі ұйымдастырылып, нәтижелі жүргізілуінің айғағы. Ал, сот талқылаулары процестік заңнама талаптарына сәйкес, уақытында орындалып отырған. Сотта қаралған істердің басым бөлігі мемлекеттік тілде жүргізілген. Нақты айтқанда, сот процестерін ұйымдастыру тәртібі жоғары талап деңгейінде.
Бұл жолы да жұмыстың сұрақ-жауап тәсілімен өрбуіне барынша мол мүмкіндік берілді. Өз кезегінде Ілияс Асылханұлы журналистер тарапынан туындаған сұрақтарға орнықты әрі тұщымды жауаптар қайтарды.
Жиын соңында Ілияс Іргебаев журналистерге сот қызметін халыққа жете таныстыру жөніндегі екі тарапқа тиімді, қорыта айтқанда, жалпы қоғамға тигізер пайдасы зор әлеуетті әрекетті ұтымды жүргізе білгендері үшін ризашылығын білдірді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
