ЖОШЫ КЕШЕНІ — археологиялық зерттеу нысаны

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Ұлытауға келген сапарында Алтын Орданың негізін қалаушы Жошыханға әлем назарын аударуға, оның кесенесін туризм нысанына айналдыруға және Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеуі туралы айтқан болатын. 2020 жылдан бастап Жошы мазарының қасына Жошыхан тарихи-мәдени кешені құрылысы басталды. Бұл кешен өңіріміздегі этнотуризмнің дамуына үлкен серпін берері анық. Сонымен қатар, Жошы кесенесінің қасындағы Жошы ұлысының кезеңіне жататын археологиялық ескерткіштерге де зерттеу жұмыстары жалғасын табады.

Қазіргі таңда Алтын Орданың кезеңінің ескерткіштерін зерттеу өзекті мәселелердің бірі және тарихи үлесі зор.

Жошы кешені бірегей ортағасыр ескерткіштері шоғырланған жерлердің бірі. Жошы хан мазарының қасында кешенді археологиялық зерттеулер 1997-1998 жылдары Жезқазған археологиялық экспедициясы Ж.Смаиыловтың жетекшілігімен жүргізілді. Кешен некропольден және қалашықтан құралады. Қазба жұмыстарының барысында Жошы ұлысының кезеңіне жататын тұрғын үйлердің қалдықтары, екі мазар, қыш күйдіретін пеш орындары ашылды. Тұрғын үйдің жылыту жүйесі; тандыр пештер анықталды, диірмен және астық сақтайтын қойма табылды. Археологиялық қазба жұмыстарының барысында үйлерден қыш ыдыстың бөлшектері, қазан сынықтары, соқы ұштары, диірмен тасы секілді археологиялық бұйымдар табылды. (Смайлов Ж.Е., Отан тарихы. 2/2002, с. 91)

2020 жылы кешендегі жұмыстар Жошы хан кесенесінен солтүстік-шығысқа қарай 900 метр жерде орналасқан төбеде жүргізілді. Төбеде солтүстік-батыс, оңтүстік-шығыс осы бойынша бұзылған мавзолейлердің орындары бар, олар күйдірілген кірпіштің фрагменттері бар жер үйінділерінен тұрады. Осындай бұзылған мавзолейдің біріне қазба жұмыстары жүргізілді. Жұмыс басталғанға дейін нысана диаметрі 6 м., биіктігі 30-35 см болатын дөңгелек пішінді шағын жер үйіндісі болды.

Қазба нәтижесінде сынған күйдірілген кірпіштің, қатты қүйген кірпіш пен шлак фрагменттері анықталды. Табылған көлемі 25х25х5 смкірпіш, осы өңірдегі Алтын Орда кезеңінің құрылыстарына тән. Ә.Х.Марғұлан 1947 жылы өзінің далалық күнделіктерінде Жошы хан кесенесінің жанындағы пештерде жүргізілген жұмыстар туралы атап өтеді, бірақ осы күнделікте пештің нақты орналасқан жері көрсетілмеген. 1947 жылы Л.Р. Кызыласова өзінің күнделігінде толығырақ жазбалар қалдырады. Орналасқан жері туралы айтқан зерттеуші: «…кесенеден солтүстікке қарай бес жүз метр жерде кірпіш күйдіруге арналған пеш бар», — деген. Табылған пештің орыны кейіннен 1998 жылы Ж.Е.Смайлов жетекшілігімен Жезқазған археологиялық экспедициясы Қаракеңгір өзенінің жағасындағы шоқының етегіндегі террасасында анықталды.

Қазба жұмысы жүргізілген мавзолейде көлемі 7х7 м қазба салынды. Солтүстік-шығыс шаршысының бірінші қабатын 10 см тереңдікте алып тастағаннан кейін, өлшемі 43,5х21х13 см болатын саз кірпіштен жасалған құрылыс орны білінді. Сол тереңдіктегі қалған тазарту жұмыстары нәтижесінде 5х5 м өлшемді тік бұрышты құрылымын анықталды, оның бұрыштары дүниенің төрт бұрышына бағытталған. Ғимараттың қабырғаларының қалыңдығы 70 см құрады. Құрылымдағы саз кірпіштен жасалған және сақталған биіктігі 20 см құрайды. Солтүстік-батыс қабырғада ені 87 см болатын ғимаратқа кіру жолы анықталды. Бұл құрылысты салу кезінде қолданылған формалар мен архитектуралық әдістерге қарап, бұл құрылысты ортағасырлық өңделмеген кірпіштен жасалған кесене ретінде топтауға болады.

Тазарту кезінде, оңтүстік-батыс шаршыда, материкте дөңгелек пішінді мыс монетасы анықталды, екі жағынан да таңба анық байқалады.

Мыс монетасы. Аверс: Амир Тимур. 785/138 год.

Аверс: Амир Тимур. 785/1384 жыл. Амир Тимур таңбасы. Самарқанд. Осыған ұқсас монеталар Күлтөбе қалашығының археологиялық зерттеулері кезінде 2019 жылы табылған. (https:// tengrinews.kz/story/sekretyivostochnyih-monet-gorodischakultobe-tyurgeshey-406947/).

Кесененің орталық бөлігіндегі шұңқырды тазарту кезінде ұзындығы 2,40 м, ені 1,2 м сопақ пішінді қабір орны анықталды, онда 0,46 м тереңдікте күйдірілген кірпіш үйіндісі табылды. Одан әрі тазарту барысында шұңқырда, 30-40 см тереңдікте қабір шұңқырының ішінде қалыңдығы 10 см болатын сазды сылақ анықталды. Жерлеудің бұрын тоналғандығын жұмыстар басталғанға дейін кесененің ортасында ойықтың болуы дәлелдейді. Қабір орнын әрі тазарту барысында сазды сылақтың астында ағаш табыт анықталды. Ағаш табыт толығымен сақталмаған, қазылған қабірдің бүкіл периметрі бойынша шіріген ағаштың фрагменттері түрінде табылған. 0,90 м тереңдікте адамның қаңқа сүйектері тазартылды.

Табылған адамының қаңқа сүйектері басы солтүстік-батысқа бағытталған. Бас сүйегінің өлшемдері және остеологиялық сипаттамалары бойынша бұл қаңқа әйел адамдікі деп болжауға болады. Сондай-ақ, қаңқаны тазарту кезінде аяқ сүйектері тұсында былғары фрагменттері анықталды.

Қазба жұмыстары мен архитектуралық нысандар барысында анықталған материалдың жиынтығы бойынша бұл құрылысты өңделмеген кесене ретінде топтауға болады және оны XIV ғасырдың екінші жартысына немесе XV ғасырға жатқызуға болады. Жұмыстар аяқталғаннан кейін объектіде қазба орнын жабу үшін консервациялық жұмыстар жүргізілді.

Айдар ЫСҚАҚОВ,

«Ұлытау» ұлттық тарихимәдени және табиғи қорықмұражайының ғылыми қызметкері.

Арман БЕРМАҒАНБЕТОВ,

«Қазақмыс» корпорациясы Қ.Сәтбаев атындағы өндіріс тарихы мұражайының бас маманы.