Жолдар жаңғыртылып жатыр

Ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда облыс басшысы Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ елді мекендердегі жол сапасына басымдық беру тапсырмасына сəйкес, аудан көлемінде Жезді, Қарсақбай кенттері мен Қаракеңгір, Ұлытау ауылдарының ішкі жолдары мен Сарысу мен Аманкелді ауылдарының аудандық дəрежедегі жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтқанда, Ұлытау селосындағы Баубек Бұлқышев, Селхозтехника жəне «ҚР Тəуелсіздігінің 20 жылдығы» атындағы көшелердің жолдарын орташа жөндеуге аудандық бюджет есебінен қомақты қаржы бөлініп, қазіргі уақытта жолдарды қыру, шебень төсеу жұмыстары басталды.
Жуырда аудан əкімі Аманжол Мырзабеков осы жұмыстардың барысымен танысып, жұмыстың бекітілген кестеге сəйкес жүргізілуін жəне оны сапалы аяқтауды ауыл əкімі Талғат Əбжаппаровқа тапсырды.
Осындай қарқынды жұмыстар Қарсақпай кентінде де жүріп жатыр. Кентте аталмыш бағдарлама аясындағы жұмыс ауқымды. Биыл теміржол станциясына дейінгі жолдың 1,7 шақырымына асфальт жабындысы салынды, сонымен қатар жол бойына тиісті жол белгілері орнатылатын болады. Қалған 2,3 шақырым жолдың асфальт жабындысы 2025 жылы салынады. Қазір осыған тиісті сметалық құжаттама əзірленуде.
Сондай-ақ, кенттегі Байтасов (1,9 шақырым) жəне Жосалы (0,6 шақырым) көшелеріне көтерме жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жол жөндеу жұмыстары аудан əкімінің тұрақты бақылауында.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жəне кент келбетін жақсарту мақсатында аудан бюджетінен қомақты қаржы бөлінген тағы бір елді мекен – Жезді кенті. Биыл кенттегі Тоқтыбаев, Сансызбаев, Есентоғай жəне Көкбұлақ көшелерінің автокөлік жолдарына жөндеу жүргізілетін болады. Жүзеге асырылып жатқан жол құрылысында жолдарды қырып, тегістеу жəне асфальт төсеу жоспарланған. Қазіргі уақытта жолдарды қыру, тас төсеу, тегістеу жұмыстары басталды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.