Жерлесіміз – Президенттік әдеби сыйлықтың иегері

Жерлесіміз, жас жазушы Арман Ерланұлы Әлменбет Мемлекет басшысының «2025 жылы қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты беру туралы» Жарлығына сәйкес «Проза» номинациясы бойынша «Тергеуші» шығармасы үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың иегері атанды.

Бұл – жас қаламгердің шығармашылық жолындағы үлкен белесі әрі еңбегінің жоғары деңгейде бағалануы. Арман Ерланұлы бұған дейін де бірқатар көркем туындыларын жарыққа шығарып, әдеби орта мен қалың оқырман тарапынан жылы пікірге ие болып келеді. Оның шығармаларында өмір шындығы, адам тағдыры, қоғамдағы өзекті мәселелер терең көркемдікпен суреттеледі.
Президенттік арнаулы әдеби сыйлық – жас қаламгерлердің шығармашылығын қолдауға, ұлттық әдебиеттің дамуына серпін беруге бағытталған мәртебелі марапат. Осы сыйлықтың иегері атану Арман Ерланұлының талантын, табандылығын және әдебиетке деген шынайы сүйіспеншілігін айқын дәлелдейді.
Бұл жетістік – тек жазушының жеке табысы ғана емес, сонымен қатар Ұлытау өңірінің рухани-мәдени әлеуетін айшықтайтын зор мәртебе. Өңірімізден шыққан жас қаламгердің республикалық деңгейде танылуы – барша жерлестеріміз үшін үлкен мақтаныш.
Осы орайда, Арман Ерланұлы Әлменбетті айтулы жетістігімен құттықтай отырып, шығармашылық жолында толағай табыс, шалқар шабыт, жаңа мазмұнды туындылар мен биік белестер тілейміз.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.