«Жастарды еңбекпен қамту» жобасының жетістіктері туралы жас маман баяндады
«Жастарды еңбекпен қамту» жобасы – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «AMANAT» партиясының жастарды жұмысқа орналастыру және кәсіби тұрғыда қолдау мақсатында іске асырған бірлескен бастамасы. Бұл жоба жастардың еңбек нарығына кірігуіне, кәсіптік даму жолын табуына және қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған.
Жобаның негізгі құралдарының бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастыру. Мәселен, Жезқазған қаласында жаз мезгілінде өткен жәрмеңке 300 ге жуық бос жұмыс орнын ұсынып, жас мамандарға алғашқы тәжірибе жинақтау мен жұмысқа орналасуға жол ашты.
Кәсіби жолын жаңа бастаған жас маман Ақерке Нұрланқызы бұл жәрмеңке арқылы қызмет табу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде ол Төтенше жағдайлар департаменті жоспарлау және жедел басқару орталығында жедел кезекші көмекшісі, азаматтық қорғау кіші сержанты қызметінде.
«Мен үшін бұл жоба ерекше маңызға ие болды. Жәрмеңкеде көптеген ұйым бос жұмыс орындарын ұсынды, соның арқасында өз саламда жұмыс табуға мүмкіндік алдым. Қазір ТЖД қызмет етіп жүрмін, бұл менің кәсіби дамуыма мүмкіндік беруде. Осындай бастамалар жастардың өз жолын табуына зор үлес қосады деп сенемін», – деді ол.
Жалпы, жоба аясында еліміз бойынша 200-ден астам жәрмеңке өткізіліп, оған 5 мыңнан астам жұмыс беруші қатысқан. Нәтижесінде 55 мыңнан аса адам жұмысқа жолдама алып, 150 мыңға жуық жас азамат жоба шараларымен қамтылды. Жұмыс берушілермен 5 мыңнан астам әріптестік меморандумына қол қойылғаны – жобаның тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Бұл бастама «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» қанаты мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен әрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып жүзеге асырылуда.