ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙ немесе өркениеттен мақұрым ферма кімді жарылқайды?

Төрт түлікті өргізіп, қолды күстендіріп, табанды тілгізіп, сосын сол малдың санына масайрап, қарынды тыр-тыр қасып, шырт-шырт түкіріп жататын уақыт емес қазір. Иә, болмаса, қара жерге дән сеуіп, оның шығар-шықпасын ауа райына артып қоятын да кез емес. Мұндай ескі, көне қарекетті бүгінгі күн әсте көтермейді. Өйткені, әлем жасаған түймесіне дейін бір-бірімен бәсекеге түскен кезең – бұл. Сондықтан да, ауыл шаруашылығында жүрген шаруа қожалықтарының тек мал бағушы немесе диқаншы статусынан да зор мәртебе иеленетін күні әлдеқашан-ақ туған. Сонда ғана ауыл шаруашылығы қойшы, бақташы, жылқышы, жер жыртушы, егінші деген қарабайыр кеп пен тым таяз түсініктен арылары хақ. Ол үшін қайтпек керек-ті? Әлемнің өзге фермерлері өркениетті өмір сүргенде, біздің шаруа қожалықтарының жамау-жапсарлы қора-қопсы, адам жанынан басқаның бәрін ойлап тапқан ХХI ғасырда аңғал-саңғал тұрақта тірлік кешуінің түп-төркіні неде? Жауабы – жалқы. Сауатсыздықта! Бұл арада сауатсыздық қаріп танып, хат жаза алуда емес. Өзі иелік еткен жердегі өнімділікті арттыру мен түлікті өсіріп, өндірудегі сауатсыздық туралы әңгіме. Әлемнің озық 30 елінің қатарынан қалмаймыз деп, барымызды киіп, бақанымызды асынған қазіргі тұста экономиканың бар саласы көштен қалмай, керуенін түзеуі тиіс. Берісі – қойын құрттап, қозысын жамыратқан алақандай ауылдар, әрісі – инвесторлар үшін бәсекеге түсетін әйдік қалалардың «ақылдылығына» дейін…

«Қазақстандық «Ковбой» немесе АҚШ журналисінің жазбасынан неге жүрек езілді? 

Дүние жүзінде атағынан ат үркетін ««The New York Times» газетінде Эндрю Хиггинстің қазақ фермерлері туралы материалы жарық көрді. Мыңғырған мал айдаған фермерлеріміз хақында аузында дуасы бар шетелдік басылым тілшісінің не дегенін білуге ынтықтық. Оқып шықтық. Ден қоя, дем алмастан. Американдық Алматы облысындағы фермерлердің тұрмысына тоқталыпты. Балаларының қалада оқитынын, бірақ, олардың шопан таяғын ұстағысы келмейтінін айтып, фермерлердің жұпыны тірлігін суретке басып алыпты. Сол баяғы өзіміз күнде көріп, көзіміз де, көңіліміз де әбден үйреніп кеткен көрініс. Жапанда – жалғыз қыстақ. Қора-қопсысы – аңғал-саңғал. Үйжайы – жұпыны. Суреттегі дастарханы да аста-төк емес. Мал соңында жүріп, әбден суық пен ыстық қаққан жандар. Американың фермерлері секілді шіреніп емес, бүгжиіп тірлік кешкен қазақ. Жалпы, жазбадағы, суреттегі бейнеленген көрініс – осы. Сенбесеңіз, интернеттен көруіңізге болады. Американдық кейіпкер-фермерін «қазақстандық «ковбой» депті. Басқаны қайдам, осы жазбаны оқып отырып, фермерлеріміздің осынау тірлігіне өз басым жаным ашып, жүрегім езіліп қоя берді. Неге дейсіз ғой?!

Өзіміз «фермер» деп аузымызды толтыратын шаруа қожалықтарымыздың ХХІ ғасырда өркениеттен құралақан екенін американдық айтпаса да, көзге шұқып көрсетіп кетіпті. «Қожалықтарда пәленбай мың түлік бар» деп қомпиятын басымыз олардың тұрмыс-тіршілігінің талапқа сай еместігіне мүлде назар аудармайтынымыз және бір мәлім болды. Мыңғыртып мал өсіргеніне мәзбіз…

Бұған дейін бізге мәлім деректер бойынша еңбек өнімділігінің ең төменгі деңгейі – ауылда, яғни, ауыл шаруашылығының бар ауыртпалығын көтерген шаруада.

Мәліметтерге сенсек, ауыл шаруашылығында жылына бір адамға 3 мың АҚШ долларына жуық еңбек өнімі тең келсе, дамыған елдерде бұл көрсеткіш – 50-70 мың АҚШ доллары шамасында екен.

«Сырт көз – сыншы» дейді қазақ. Сол рас екен. Американдық таң қала жазса, біз қайраңда қалғандай налыдық. Намыстың отына өртеніп, күл боп ұшып кете жаздадық. Американың фермаларына өркениет ұя салса, бізде ферма түгілі, ауылдарды цивилизация сырт айналып кеткенін ол қайдан білсін?! Сосын ойладық… Не артық, қой баққан, әлде…

Ой бағудың өзегі — адами капитал

Адами капитал бізге – таңсық. Бірақ, дамыған жұртқа емес. Оларда бұл – қалыпты жағдай. Үйреншікті үрдіс. Жалпақ тілмен айтқанда, әлем елдерінде миды жұмыс істетіп, миллионер атануға әбден болады. АҚШтың «Егер ақылды болсаң, неге бай емессің?» деген мәтелі сол елдерге тән һәм сән. Алайда, бізге емес. Шыны керек, әзірше бізге бұл мәтел – жат. Бұл алдағы уақытта жойылады деген дәмеміз бар. Өйткені, Мемлекет басшысы кейінгі жылдары адами капиталды дамытуға тікелей өзі тапсырма берді. Президент тапсырғанша тырп етпейтіндер енді қазақтың тұлымды ұлы мен бұрымды қызының қауашығында қайнап шыққан озық ойларды қолдайды деген есек дәме ғой…

Ал, сарапшылардың пайымдауынша, адам капиталының бір пайызға өсуі еңбек өнімділігін 3,81 пайызға арттырады екен. Қазіргі кезде дамыған елдердегі экономикадағы белсенді азаматтардың – 50%-ы, АҚШ, Жапония тұрғындарының үштен екісі ой еңбегімен айналысады. Күншығыс елінің ІІ-дүниежүзілік соғыстан кейін күрт дамуының бір ұшығы да осы адами капиталда жатыр. Қазақтың 47 пайызы ауылда екенін ескерсек, жағдайымыздың Жапониядай емес екенін ұғыну онша қиынға соқпайды. Қалада тұратындар да ми капиталын пайдаланып жүр дей алмаймыз.

Ал, дамыған мемлекеттерде жылдық табыстың 70 пайызы адам капиталынан – жаңа білім, ғылым, технологиядан түсетінін айтады отандық ғалымдар. Сонда қазба, табиғи байлықтың үлесі 25 пайыз ғана екен. Яғни, газ, мұнай, кен, өзге де қазба байлықтар.

Демек, қазіргі уақыт – адам капиталына жүгінетін уақыт. Шикізат барда қазанымыз оттан түспейді деу – озық ойдың бәсекесінің бәсі қызған кезеңде – бекер.

Жалпы, әлемдік тәжірибе адам капиталына жұмсалған инвестиция экономикалық өсімнің басты құралы дейді. Дауласатын дәрмен жоқ. Осыдан соң, ойлаңыз ой баққанның берерін…

Нүкте

Сөзіміздің әлқиссасын қой баққан мен ой баққанның аражігін ажыратудан бастадық. Ойлансақ, екеуінің де қазаққа бөтендігі жоқ. Төрт түлікті түлету – ата кәсіп. Тек сол кәсіптің жаңа дәуірде жаңаруын, жаңғыруын көкседік. Әлемнің бәрі «ақылды» технологияға жүгініп жатқанда, фермерлерімізге «ақылды» технология түгілі «ақымақ Иванның» өзі жуымайды. Себебі, өркениет дегеннің қыстақтар мен шағын ауылдарда иісі де жоқ. Осыдан соң ойладық, мал басын асылдандыруға, көбейтуге берілетін субсидия дейтін «суалмайтын сауын сиырдың» инфрақұрылымға неге бүйрегі бұрмайды екен деп.

Ой бағуға келсек, бұл енді төртінші өнеркәсіптік революция кезінде – басты қару. Ал, осы қару-жарағымыз сай ма? Сақадай сай болады, егер…

Қазақтың өнертапқыштық ресурсы – түрен тимеген тың секілді дәл осы сәт. Қазақтың өнертапқыштары өңір-өңірде, ел ішінде жыртылып айырылады. Өкініштісі, тап басып, дер кезінде қолдау кем. Демек, төртінші өнеркәсіптік революция кезінде тезек теріп қалғымыз келмесе, қазақтың қауашығындағы тың идеяларға түрен тиюі тап осы күні ауадай қажет.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

(Арнайы «Ұлытау» газеті үшін).