ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік материалдық емес мәдени мұра» тізіміне енген құндылықтарымызды қорғауға қатысты іс-шаралар кешенін орындау үшін облысымызда арнайы жұмыс тобы құрылды. Жалпы аталған тізімге елімізден 13 элемент кірсе, оның 8-і біздің өңірде бар.

Атап айтар болсақ, ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік материалдық емес мәдени мұра» тізіміндегі айтыс, күй, наурыз, асық, қымызмұрындық, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, құсбегілік Ұлытау облысында да жоғары деңгейде дәріптеліп келеді. Сондай-ақ 2023 және 2024 жылы біздің өңір Ұлттық тізімге екі элемент (кимешек және темір ұсталық) ұсынды.

Жұмыс тобының алғашқы отырысында ҚР ЮНЕСКО жəне ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комитеттің мүшесі және сарапшысы, жерлесіміз Бақтияр Қожахметов қолға алынатын жұмыс барысын баяндады.

Сонымен қатар жиында əзірлеу жұмыстарына ҚР Мемлекеттік кеңесшісі – ЮНЕСКО жəне ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Ерлан Қариннің төрағалығымен 2024 жыл басында кіріскенін ескере отырып, Кезеңдік баяндаманы сапалы дайындау мақсатында тиісті ақпаратты жинақтау қажеттігі айтылды. Одан бөлек, талдау жүргізетін уақытша жұмыс тобын құрудың маңыздылығы мен бірқатар ұйымдастырушылық шараның іске асырылуы қажет екені баяндалды.