Жәлел Шубайұлы ҚАЛМАҒАМБЕТОВ
2020 жылғы 23 желтоқсанда 87 жасқа қараған шағында мемлекет және қоғам қайраткері Жәлел Шубайұлы Қалмағамбетов дүниеден өтті.
1934 жылы дүниеге келген Жәлел Шубайұлы 1955 жылы Мәскеудегі М.Калинин атындағы алтын және түсті металдар институтын тәмамдады. Аталған оқу орнының жолдамасымен Жезқазған кен-металлургия комбинатына келіп, кен шебері болудан бастап, түрлі жауапты қызметтерді атқарды.
1973 жылы Жезқазған облысы Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, 1975 жылы облыстық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 1977-1980 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі, 1980-1988 жылдары Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, содан кейін Жезқазған облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары қызметтерінде болды.
Қазақ КСР Жоғары Кеңесі депутаттығына екі мәрте сайланды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болды, СОКП ХХІІ съезіне делегат мандатымен қатысты.
Қайраткер тұлғаның еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» (1966 ж.),екі рет Еңбек Қызыл Ту (1971, 1977 жж.), ордендерімен марапатталды. «Жезқазған қаласының Құрметті азаматы» атағын иеленді.
Ұлытау-Жезқазған өңірінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан біртуар азамат, қадірменді қария ретінде ел ағасы бола білген Жәлел Шубайұлының отбасы мен туыс-туғандарына қайғыларына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз.
Саналы ғұмырында бойындағы бар қайрат-жігерін елдің дамуына жұмсаған қайраткердің жарқын бейнесі, іскерлік және адами қасиеттері замандастары мен шәкірттерінің, жалпы Ұлытау жұртшылығының жүрегінде мәңгі сақталады.
Б.Әбдіғалиұлы, Т.Сейтжанов, М.Оспанов, Б.Байжантаев, Н.Орынбаев, Д.Жұманов, Ж.Садықов, Ә.Жандарбеков, Е.Әбжамалов, Қ.Бекілдеков, Ш.Үмбетов, Р.Төрегелдин.