Зейнеттің жемісін терген…

Ауданымызда кезінде ішкі істер бөлімінде ұзақ жыл қызмет етіп, зейнетке шыққандар баршылық. Шалғай ауылда учаскелік инспектор болған, жалындаған жас жігіттер де бүгінде елағаларына айналған. Олардың барлығы аудандық ішкі істер бөлімінде өткерген қиындыққа толы, мазасыз жылдарын риясыз көңілмен еске алып отырады. Ұлытау селосының тұрғыны Серік ӘУБӘКІРОВте – заманында аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етіп, зейнетке шыққан азамат.

Серік 1956 жылы киелі Ұлытауда, қарапайым жұмысшылардың отбасында туған. 1974 жылы №1 Ұлытау орта мектебін бітірген. Әскери борышын 1974-1976 жылдары Беларуссия жерінде өткеріп келген соң, Қостанай қаласындағы зооветеринарлық техникумға оқуға түсіп, зоотехник мамандығын алып шығады. Ұлытау кеңшарында зоотехник, 5 жыл жұмысшылар комитетінің төрағасы болып жемісті еңбек етті.

1986 жылы аудандық партия комитетінің нұсқауымен, зоотехник мамандығы бар Секең аудандық ішкі істер бөлімінің ветеринарлық қызмет бөлімшесіне ауысты. 1,5 жылдан соң бөлімше жабылып, Ұлытау кеңшарының учаскелік инспекторы, кейін аудандық ішкі істер бөлімінің жедел кезекші инспекторы болып қызмет атқарды. Ол кезде Серік аға лейтенант шенін алған болатын. Ал 1994 жылы майор шенін алған ол анықтау-тергеу бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Осы бөлімде 6 жыл абыройлы қызмет еткен соң 2001 жылы наурызда полиция майоры шенінде зейнетке шықты.

Заң органында еңбек еткен жылдары Серік Әубәкіров бірнеше рет аудан әкімінің, бөлім бастығының Алғыс хаттарымен, Құрмет грамотасымен және қаржылай сыйлығымен марапатталған.

Зайыбы Гүлсім екеуі 5 бала тәрбиелеп, ержеткізді. Кіші қызы Эльмира әке жолын қуып, аудандық полиция бөлімінде еңбек етеді, полиция аға лейтенанты.

Ардагер Серік Әубәкіров зейнеткер болса да, әлі де сапта. Ол – Ұлытау селолық билер кеңесінің мүшесі.

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ