Үздіктер – құрмет төрінде
Күні кеше Ұлытау ауданының «Сапар» орталығында аудан әкімі Аманжол Мырзабеков пен аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітовтың қатысуымен аудан әкімінің жастарға арналған «Қыран» сыйлығын өңір жастарына табыстау рәсімі өтті.

Бұл жолғы байқауға аудан жастарынан 40-тан астам өтінім түсіп, олардың сегізі «үздік» деп танылды. Қатысушылардың жас шамасы 18 бен 35 жас аралығында болды. Сындарлы сында жастардың шығармашылық жетістіктері, кәсіби біліктілігі, өнері сарапқа салынды. Осы негізде өткен шарада еселі еңбегімен ерекшеленген аудан жастары әр түрлі номинация бойынша марапатталды. Атап айтсақ, «Үздік жас ұстаз» Алтынай Мейрам, №11 Қоскөл орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. «Үздік жас дәрігер» — Маржан Досымханова, Ұлытау ауданының орталық ауруханасының балалар дәрігері. «Үздік құқық саласының жас маманы» — Жеңіс Аманбек, аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы. «Үздік жас спортшы» — Мейрамхан Бейсек, Жезді кентінің мәдени-сауықтыру орталығының жаттықтырушысы. «Үздік жас кәсіпкер» — Әлібек Байтонов, Қарсақбай кентінің кәсіпкері. «Үздік жас өнерпаз» — Аягөз Төлеубай, аудандық Балалар өнер мектебінің хореография сыныбының мұғалімі. «Үздік жас көшбасшы» — Айдос Қалмажит, №2 Қорғасын орта мектебінің мұғалімі. «Үздік жас фермер» — Эльмира Қашқынбаева, «Эльмира» шаруа қожалығының иесі. Осы жастар аталған аталым бойынша дараланды. Олардың әрқайсысына 100 мың теңгелік сертификаттар берілді.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға дипломдар табысталып, өздеріне ерекше құрмет көрсетілді. Шара барысында өнерлі өрендер мен мәдениет үйінің қызметкерлері марапат иелеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, кешті әсем әнмен әрледі.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
