Үздік полицей – мақтанышымыз!

Полиция күні қарсаңында аудандық полиция бөлімі бастығы Еркебұлан БАЙЗАҚОВҚА арнайы барып, бөлімдегі ең үздік полиция қызметкерлерін атауды өтінген едік. Ол ойланбастан ішкі істер органында нәтижелі еңбек етіп жүрген, білімді де білікті жезділік полиция қызметкері Жанбота ӘУБӘКІРОВТІҢ есімін мақтанышпен атады.

Аудан аумағындағы кенттер мен ауылдардың тыныштығы мен тәртібін сақтауда, жан-тәнімен «тер төгіп» жүрген учаскелік полиция қызметкерлері көптен саналады. Солардың бірі де бірегейі – Жезді кенті полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты Жанбота ӘУБӘКІРОВ. Ол – кәсіби мерекені мінсіз қызмет үлгісімен қарсы алып отырғандардың қатарында.

Жанбота 1984 жылдың 7 сәуірінде Ұлытау ауданында туған. 2001 жылы №6 Жезді орта мектебін бітіріп, Жезқазған қаласындағы агротехникалық колледжге оқуға түседі. Аталған оқу орнын 2004 жылы ойдағыдай аяқтайды. 2006 жылы әскер қатарына шақырылып, өзінің әскери борышын өтеуге аттанды. Ақтау қаласындағы №25744 әскери бөлімінде әскери борышын абыроймен атқарды. Әскерден оралған жас жігіт, ішкі істер органдарында қызмет етуге бел буады. Сөйтіп, 2007-2016 жылдар аралығында Ішкі істер министрлігінің Қарағанды облысы мамандандырылған күзет басқармасында еңбек етті. Кейін Жезқазған қалалық полиция бөлімі қабылдау-тарату орталығында кезекші инспектор қызметін атқарды. 2017-2019 жылдары Ұлытау ауданы полиция бөлімі учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, ал 2019 жылдан бастап, Жезді кенті полиция бөлімінің учаскелік инспекторы қызметін абыроймен атқарып жүр. «Қызметімді мінсіз атқаруға тырысамын және мақтан етемін. Мамандық таңдауда қателеспеппін!» дейді Жанбота Қалдыбайұлы. Ол – отбасының қамқоры, отбасында 4 қызы жас құрақтай желкілдеп өсіп келеді. Жезді кентінің тыныштығын қорғауға, халықтың мамыражай тірлік кешуін қал-қадірінше қамтамасыз етуге арнаған тәртіп сақшысына сәттілік тілейміз.

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ