Туған жерім – шыққан тегім

Қолға қалам алып, кейбір пікір-толғамдарымды қағазға түсірер алдында әдеттегідей француздың ұлы тұлғасы, сан ұрпақтың рухани айнасы Франсуа де Ларошфуконың кітабын парақтап шықтым. Кісінің көңіл-күйіне үндес, ақылы мен сезіміне сабақтас тұжырым пәлсапалар көп екен. Соның ішінде «Дүниеде қартаю өнерін қапысыз игерген қариялар қаншалықты аз десеңізші…» деген сөздерін оқығанда қатты тебірендім.

Міне, сексеннің сеңгіріне шықтым. «Тоқсан – быламық жейтін жасым ба еді?» демекші, қызығы аз, қиялы көп шаққа қадам бастым. Артыма қараймын, алға ұмтыламын…

Мен 1941 жылы, 15 наурызда Ұлытаудың оңтүстік-батысындағы Едіге мен Бақатасты жалғастырып тұрған Қорғантастың бауырындағы ауылда туыппын. Шаңырақта бұрын бала тұрмай жүр екен. Ырымдап мені Сәлима әжеміз көтеріп алған, Төлеген ұста кіндігімді айбалтасымен кесіпті. Азан шақырып, атымды Нұреке ақсақал қояды. Осы кісілерді көзі барда әкеміздей көрдік, кейін бала-шағасымен, ұрпақтарымен киімнің ішкі бауындай араласып тұрдық.

Мені әжем Төлжан бауырына салады. Менің анам – Шарбектің шешесі, Бабыр бидің ұлы Қожамсейіттің әйелі. Кеңес өкіметі билікті алып, белсенділер қызыл туды көтеріп, мал-жанның, қора-қопсы, жайлау-қыстаудың есебін алып жүргенде, әжем фамилиясын (атасының атын) атауға қазақы тәрбиесі мен ұстанымы жібермей, күйеуі Қожамсейіттің есімін атаған. Сөйтіп, төлқұжатында Қожамсейітова Төлжан болып жазылды.

Осы жолы киіз үйлерді Байқоңырға теміржол салушыларға беру, түйелерін Жосалыдан кіре тасушыларға қосу туралы шешім қабылданып, өзі Қарсақбайға көшіп, Бәреке қыстауын қоныстанды. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген ғой. Ақтүтек боранда сабақтан қайтқан жалғызы Жұмаділдәны поезд басып, опат болған. Қолындағы жиені Кәмиланы 3-4 жасында оңтүстіктегі балалар үйіне алып кетеді. Қызы Қадиша баладан қайтыс болады. Өзі елге екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында қайтып келді. Көзі ашық, діндар, өзегі мықты, қайратты кісі еді. Сарлықта үлкен-кіші «бәйбіше!» деп иіліп сәлемдесіп, сапарлау қарсаңында, отбасындағы сердебелі той-томалақта дәм татып, батасын алатын.

Әжем мені мектепке өзі апарды. Алдында киізді төрт бұрыштап кесіп, түрлі-түсті жіпті кестелеп, қалта тігіп берген. Ішінде қарындаш-қалам, Ұлытаудан көкем әкелген «Әліппе», көркем жазу, есеп дәптерлері, сызғыш, Баубек Бұлқышевтың «Заман біздікі» кітабы бар. Онда «Өмір сүргім келеді», «Өмір мен өлім туралы» мақалалары басылған. Мен алты жасымда әріп таныдым, жетіге келгенде кітапты, газетті жүргізіп оқып жүрдім. Баубектің мақалаларын оқығанда аталарымыздың сақалынан жас сырғанап, әжелеріміз көз жасын жаулығының ұшымен сүртіп, кейде азан-қазан болып шулап, бір-біріне басу айтып, «от еді, иманды болсын, ел аман болсын» деп тынатын.

Алғашқы мұғалімім Құрманғали Байшұманов деген кісі болды. Ақсейіттің тастан соғылған қоржын үйінде көрші отырдық. Жұбайы Күлия апамыз жүзінен нұры төгілген, келісті аналарымыздың бірі болатын. Екеуі бірігіп, менің еркетотайлау мінезімді түзетті. Ағаш бұтаймын, су әкелем, кешке сиыр жайлаймын, таңертең қора тазалаймын. Олардың тұңғышы Айса екеуіміз күні-түні бірдей үй шаруасымен шұғылданып жүрдік. Бастауыш мектептің 3 және 4 сыныптарын екі шекесінде Ленин мен Сталиннің суреті бар, үздік оқығаны және үлгілі тәртібі үшін берілетін Мақтау грамоталарымен бітірдім.

Соғыс уақытындағы қатаң еңбек тәртібінің салқыны тарамай тұрған кез. Оқу жылы аяқталысымен басқа өмір тәртібі басталды. Күн саз бере бригадир Айтбай әкеміз ауыл шетінде бағанға орнатылған соқа түрендерін соға бастайды. Ұшып тұрамыз. Ауыл ортасына жиналып, қырманда бидай ұшыруға, масақ теруге барамыз, есейе келе шөп шаптық, қой қырықтық, «Сталинец-6» астық комбайны машинисінің көмекшісі болғаным бар. Бұл сан салалы жолдар менің мінезіме, дүниетануыма, адам қасиетін түсінуіме санамды оятып, жүректі қозғағандай әсерге бөледі. Сахан ұста, Мизамбай әкем, Жаңабай ақсақал, майдангерлер Қаппас Бегенов, Мәжен Оразалин, Құсайын Нұрлыбаев, Өмірбек мұғалім, тағы аты аталмаған абзал тұлғалар мен үшін ақыл-парасаттың биігіндей көрінеді. Жақсы ісіме балаша қуанады, нашарлығым, жамандығымды көрсе, өткір тілімен осып жібереді. Көкірегімде түйіншек болған нәрсені кейде бір сәтте ісіме риза болған жасаураған мейірлі жанарлары «қарағым осы жақсы» дегендей демде ерітіп жібереді.

Жеміс-жидек тәрізді адам бойындағы қасиеттердің жеміс беретін маусымы болады. Мүмкін 30 жаста болар, мүмкін 50 жаста, мүмкін 60 жаста, тап басу айту қиын тәрізді. Өйткені, бала кезімде колхоздың сауыншысы Рахия Майжанованы, соғыста асыл жарынан айырылған Алтын Түгелбаева апамды, қазаққа күйеуге шығып, мұсылмандықты қабылдаған Мүсілима шешемізді көрдім. Олардың қабағында қырау болмайтын, жүзін мұң шалмайтын, дауысы саңқылдап, көңілді жүретін. Сиырдың бұзауын ұстап, иелік істеп жүрген біздер – балалар 7 жыл бұрынғы соғысты ұмытып, бақыттың иран бағында жүргендей сезінетінбіз. Бұл кішкене көрініс аналарымыздың – қазақ әйелдері жансарайының алтындай сафтығын, рухани мол қазынасын, келешектен күткен үмітін меңзегендей.

Сегізінші сыныпты аудан орталығы Ұлытау селосындағы орта мектепте оқыдым. Талабыма қарай, осы жылы Алматының, Қарағандының жоғары оқу орындарын тәмамдаған оншақты мұғалім келген екен. Жалындап тұрған жастар еді. Қабдол Әбдіров тарих пәніне қызығушылығымды оятты. Қазақ тілінің мұғалімі Елеукен Торғаева әңгімесін кеңге құрып, көркем сөйлеп, халқымыздың аты аңызға айналған ойшылдарына, жазушылары мен ақындарына бетімізді бұрды. Кітапханадан шықпайтын болдық. Сол жылы ҚазПИ-ді бітіріп келген Шабаз ағамның үйінде жаттым. Жеңгем Далапразға жаңа үйленген. Осы шаңырақта жас мұғалімдер қонақта болғанда дикуссиялық клубтан шыққандай болатынмын.

Себеп таусылғанда шет тілінің мұғалімі Ілияс Байжақанов пен Шәкең опералардан үзінділер орындап, дастархан басын бір көтеріп тастайтын. Физик-математиктер Мәрден Домбаев, Мұхамедрахым Арыстанбеков, Тұрар Алпысбеков ағалар бізді өзімен тең ұстап, қалжыңдасып, беймәлім ақпарат беріп, ойға тамызық тастайтын.

Тоғызыншы сыныпты бітірген жазда «Сталин туы» газетінің редакторы Әбілхасен Әмірәлин кездесуге кабинетіне шақырды. Танитын едім. Газет бетінде өлеңдерім, мақалаларым, бірлі-жарым әңгімелерім басылған.

— Сағындық, биыл он алтыға келдің. Паспорт алған боларсың. Саған қызмет ұсынғалы отырмын, – деді редактор әңгімені төтесінен бастап.

— Мен баламын ғой. Әлі мектеп оқушысымын, – деймін мен.

— Жоқ, бала емессің. «Болар бала он бесінде баспын дер…» деген қазақ. Жастық – басыңның кемшілігі емес, уақыт өте түзелетін жайт. Қорықпа!

— Өзіңіз біліңіз.

— О, енді дұрысталдың. Сен ертеңнен бастап атшы боласың, бірекі айдан соң журналист боласың, – деді Әбекең көзілдірігінің астынан күлімдей қарап.

Осылай еңбек кітапшама 1957 жылғы 16 маусымда аудандық «Сталин туы» газетіне жауапты хатшы болып қабылданды» деген алғашқы жазулар түсті.

Бірге істеген жылдары Әбекеңнің жүрегінің нәзіктігі, кісіге деген сенімі, оның дүниелік фәниден жоғары тұрған тұлға екеніне көзім жетті.

Ұлытау аудандық комсомол комитетінің хатшысы болған кезімде аудандық аурухананың бас дәрігері Төрекелді Шарманов бюро мүшесі болды. Жастар арасындағы жұмыстың әдіс-тәсілін меңгерген. Күлзия тәтеміздің дастарханында жастар жиі бас қосатынбыз. Төкең бірде «ақыл керек, бірақ, жүректі тыңдасаң, адаспайсың» деген еді. Сол ойдың мазмұнын кейін түсіндім. Үстел басында отырған Т.Шарманов болашақ Ресей және Қазақстан Ұлттық академияларының академигі, А.Сейсебаев республикамызда радиобиология ғылымының негізін қалаушылардың бірі, С.Досанов ірі ұйымдастырушы екенін білмеппіз. Академик Төрекелді Шармановтың ғылыми жаңалықтарының игілігін қазақстандықтар көріп отыр. Мысалы, иод қосылған Аралдың тұзын бәріміз тұтынамыз. Бие, түйе сүтінің емдік қасиетін ғылыми дәлелдеп, оның өндірісін индустриялық негізге көшірген – осы ағамыз. Жабайы болып кеткен құлындар мен биелердің, түйелердің желіге қайта оралуы дертке дауа, отбасына кіріс, қазақ ата кәсібінің қайта жандануы болды. Енді таяудағы 10 жылда жерлестері 500-1000 бие сауатын осы заманғы кешен ұйымдастырса, Ұлытаудың Ұланына құрметіміз болар еді.

Қайда жүрсемде алдымнан жақсы адамдар кездесіп жүрді. 21 жасымда Аманкелді атындағы кеңшарға партком хатшысы болып сайланғанымда директор Ағайынбек Бабатаев, ауылнай Жәкен Құланбаев қамқор ағаларым болды. Жезді аупарткомындағы майдангер Сұлтан Әменов пен Мәкен Төрегелдинді ұмытпаймын. Жезқазған обкомында Жылқыбай Аралбаев пен Кәкімбек Салықовтың университетінде жақсы шәкірт болғанымды мақтан етемін.

Менің білім жолым қызық болды. Орта мектепті сырттай оқып бітірдім. Өндірістен қол үзбей С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, журналист мамандығын алдым. Біраз жыл газет редакцияларында және партия аппаратында қызмет істеп, тәжірибе жинаған соң Қарағанды облыстық партия комитеті Алматыдағы екі жылдық жоғары партия мектебіне оқуға жіберді. Партия мектебіндегі оқу мен үшін өте пайдалы болды. Гуманитарлық салада білімімді шыңдап, ой-толғамыма кең өріс берді.

Өкініштісі жұмыс қарбаласында кейбір сыныптастарымнан, еңбек жолын бірге бастаған әріптестерімнен, кейбір ағайын-туыстардан қол үзіп қалдым.

Өткен ғасырдың 70-жылдарының басында Ұлытауға барсам, жаңадан құрылған Жезқазған облысының оң әсері көзге ұрып тұр екен. Өңірде Сәтбаев, Терісаққан, Жетіқоңыр кеңшарлары пайда болыпты. Электр желілері әрбір қыстаққа, көтерме тасжол әрбір кеңшар орталығына жетіпті. Бой көтерген он шақты мектеп, мәдениет сарайы ауылға сән беріп тұр. 4 млн. гектар жайылымдық суландырылған, 45 мың гектар жасанды шабындық пайдалануға берілген. Еділбай тұқымдас 100 мың еркек қозы етке өткізіліпті, әрқайсысы 14- 20 доллар кіріс екен. Ұлытауда жаңа микрорайон салыныпты. Тамаша!

Жақының көп. Алайда өз ойыңнан жақыны жоқ. Сондықтан кейбір ойларымды ашық айтсам ағайындар артық көрмейтін шығар. Мен қолжетімді статистикалық ақпаратты көп аударамын. Сонда байқайтыным, ұлытаулықтардың айлық табысы Қарағанды облысындағы 18 қала мен ауданның ең соңында тұр. Мәселен, Ақтоғай ауданында орташа айлық табыс – 208379 теңге, Жаңаарқада – 189823 теңге, Қарқаралыда – 184309 теңге, ал Ұлытау ауданында небәрі 160373 теңге екен. Ойланатын шаруа.

Себебі не?

Жазушы Сабыр Шәріпов ХХ ғасырдың басында «Ұлытау өңіріндегі бағаналылар 7435 шаңырақ, уақ малдарды ірі малға шаққанда әр түтінге 34 ірі қарадан келеді екен» деп жазды. Бұл қазіргі қолдағы малға қарағанда бірнеше есе көп. Жергілікті атқарушы биліктің жұмысы халықтың табыс көзінің өсуімен, өңірді дамыту үшін ішкі ресурстарды тиімді пайдаланумен өлшенеді. Ондай мүмкіндіктер бар.

Шөлейт және жартылай шөлейт аймақта 500-2000 ірі қара бордақылайтын кешендер, экологиялық таза қой етін өндіретін кәсіпорындар, ертең Қызылорда-Жезқазған асфальт жолы іске қосылғанда сервис жүйесі пайда болады. Әрине, аудан тұрғындарын психологиялық тұрғыда қайта бейімдеу керек шығар. Жастарды бірыңғай туризмге бағыттау түйткілдерді толық шешпейді. Қазір бас ауыртатын шаруа Қарағанды облысының үштен бірі дерлік бөлігін алып жатқан Ұлытау өңірінің әрбір тоқымдай жерін тиімді пайдалану болып табылады.

Табиғатты сақтау күн тәртібінен түскен жоқ. Өңіріміздегі халықаралық Рамсар конвенциясына енген республикадағы төрт құс жолының бірі – әлемдік және ұлттық маңызы бар су айдыны Қамыстыкөлден, Құркөлден айрылып қалдық. Мұнда ҚР «Қызыл кітабына» енген 3500-4000 қоқиқаз балапан басып шығарады екен. Өз мүддесін көздегендер ұлттық құндылықтарды әкесінің дүниесіндей жойып жатқанда қоғам өкілдерінің дауысы естілмеуі елге сын болды.

Ұлытауда тудым. Қасиетті ортадан көп сабақ алдым. Ер жетіп, атқа міндім. Туған жерім, шыққан тегім – Ұлытау деймін бүгін. Бұл – менің зор мақтанышым!

Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ