Тоқаев: Тарифтің төмен болуы – ауқатты азаматтарға жасырын түрде берілетін субсидия

— Шынымен де, Үкімет энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғырту жұмыстарын қолға алды. Ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер мен электр қуатын тарататын желілер салуымыз керек. Бүгінгі таңда осы ауқымды жобаның есеп-қисабы әзірленіп жатыр. Қазірдің өзінде қауіпті «қызыл» аймақта тұрған жылу электр станцияларының саны 19-дан 10-ға дейін азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесі көріне бастады. Нысандардың апаттық жағдайға тап болу қаупі сейіліп келеді, — деді Мемлекет басшысы.
— Сондықтан, жаңғырту шаралары ең басты міндетті шешуге тиіс, яғни, салаға инвестиция салу үшін қолайлы жағдай жасап, нағыз нарықтық тетіктер қалыптастыруы қажет. Үкіметтің шұғыл шаралары мәселенің түпкі мәнінен туындап отыр. Себебі, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады. Бұл негіз шайқалса, басқасы түгел күйрейді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.