«Таза Қазақстан»: Ортақ мүдде мен жаһандық жауапкершілік
Байтақ жасылдар партиясы Алматы қаласында экология мен ұлттық құндылықтарды ұштастыратын «Таза Қазақстан: Табиғат пен Ұлттың Бірлігінде» атты ауқымды іс — шара ұйымдастырды. Мақсат – «Таза Қазақстан» концепциясының аясында экологиялық мәселелерді шешу және ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Ұлттық құндылықтарымызды сақтау және дамыту, дәстүрлерімізді жас ұрпаққа жеткізу — біздің ортақ міндетіміз. Сонымен бірге, экологияға, табиғатты қорғауға баса назар аудару, бізге ғана емес, болашақ ұрпақтарға да қажет. Сондықтан да табиғат пен мәдениеттің бірлігін сақтай отырып, еліміздің дамуында маңызды қадамдар жасауы қажет» деп атап өткен болатын.
Бұл бастама – экологияны қорғауға бағытталған ел көлеміндегі ауқымды қадамдардың бірі ғана емес, халықаралық деңгейде мойындалған қоғамдық қозғалысқа айналып келеді.
Оған еліміздің әр өңірінен партия мүшелері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары ғана емес, көршілес елдерден де ресми делегациялар қатысты. Атап айтқанда, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия елдерінің Жасылдар партиясынан келген қонақтар бұл жиынның халықаралық маңызын арттырды. Сонымен қатар, Орталық Азия мен Еуропа елдерінің ресми өкілдерінің қатысуы шараның аясын кеңейтіп, бірлескен экологиялық жауапкершілікті көрсетіп отыр.
“Байтақ” Жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев өз сөзінде: “Таза экология – бұл сән емес, бұл – ұлттың денсаулығы, болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз. Біз табиғатты сақтау арқылы ұлттық болмысымызды да қорғап отырмыз,” – деп атап өтті. Оның айтуынша, “Таза Қазақстан” қозғалысы – ел азаматтарының экологиялық сана-сезімінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
2024 жылы “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, акцияға 6,2 миллион адам қатысып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда бірнеше есе артқан. Сонымен қатар, 1,1 миллион тонна қалдық жиналып, 1,6 миллионнан астам ағаш отырғызылған. Бұған қоса, заңсыз 4,8 мың қоқыс алаңы анықталып, соның 91%-ы жойылды. Азаматтар экологиялық мәселелер бойынша 10,7 мыңнан астам өтініш қалдырған @TazaQazBot телеграм-боты іске қосылды, олардың 9,7 мыңы шешімін тапты.
Іс-шара аясында ағаш отырғызу акциясы, ұлттық ойындар, қолөнер көрмесі, дөңгелек үстел форматында экологиялық пікірталастар ұйымдастырылды. Бұл – табиғатты қорғау мен ұлттық дәстүрді ұштастыру арқылы азаматтарды жауапкершілікке үндейтін ұтымды қадам.
“Таза Қазақстан” — ұлттың табиғатқа деген құрметін заманауи құралдармен жеткізудің, қоғамдық күш-жігерді біріктірудің жарқын үлгісі. Бұл қозғалыс еліміздің ғана емес, бүкіл аймақтың жасыл болашағын қалыптастыруға үлес қосып отыр.
Базаркүл ҮМБЕТОВА,
«Байтақ» жасылдар партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты.