Талқыда – аудан орталығының Бас жоспары
Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ төрағалығымен аудан орталығы – Ұлытау ауылының Бас жоспарына түзетулер енгізуді мақсат тұтқан жиын өтті. Басқосуға аудан əкімінің орынбасарлары мен аталған мəселеге тікелей немесе жанама түрде қатысы бар мекемелердің басшылары қатысты. Бұл туралы аудан əкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиын барысында аудан орталығының одан əрі даму жолдары екшеліп, алдағы уақытта тұрғын үйлер мен əлеуметтік нысандарды Бас жоспарға сəйкес орналастыру талаптары, тиісінше, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін соған орай, оңтайлы түрде тарту мəселелері егжей-тегжейлі талқыланды.
Басқосу түйінінде Аманжол Батырбекұлы құрылыс жұмыстарын жоспарлау жəне жүргізу кезінде Бас жоспарды басшылыққа алу бірегей міндет екеніне ерекше назар аударып, одан қандай да бір ауытқуларға тосқауыл қойылатынын атап өтті. Соның аясында салалық мемлекеттік мекеме басшысына нақты міндеттер жүктеді.
Ұлытау ауылы Бас жоспарының негізгі жобасы алдағы уақытта қоғамдық талқылауға ұсынылып, жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлері де ескерілетін болады.
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.