«ТАҒДЫРЫМА РИЗАМЫН» –дейді сарысулық Батыр ана, асыл әже Зағира апай
Аудан аумағындағы ауылдарда бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, жалынды жастық жылдарын тынымсыз еңбекке берген аналарымыз көптеп саналады. Олар қазіргі таңда, Алла берген ұрпақтарының арасында ақылшы, тіпті, бір әулеттің тірегі болып, шат-шадыман ғұмыр кешуде. Солардың бірі – ардагер ұстаз, көпбалалы Батыр ана, ақылман әже Зағира ӘЛТЕНОВА.
Зағира апай 1938 жылы 25 тамызда қасиетті Түркістан қаласында дүниеге келген. Онжылдықты ойдағыдай аяқтаған соң, сондағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищеге түсіп, 1958 жылы аяқтап шығады. 1965 жылы Қарағандыдағы педагогикалық институтта оқып, 1970 жылы аяқтаған. Тағдыры сарысулық абзал азаматпен табыстырған Зағира апай Ұлытау ауданы, Сарысу ауылындағы №7 орта мектепте мұғалім болып, табан аудармай 40 жыл қызмет етті. Осыдан біраз жыл бұрын өмірден озған Құдай қосқан қосағы Көшербай ақсақал екеуі 6 ұл, 3 қыз өсіріп, ержеткізді. Балаларының барлығы жоғары білімді, бүгінде үйлі-баранды болып кеткен. Үлкен бір әулеттің ақылшысы ғана емес, таудай тірегі болып отырған асыл әженің бүгінде 22 немересі, 19 шөбересі бар. Зағира апай 2010 жылдың 21 қыркүйегіндегі Елбасының Жарлығымен «Алтын алқа» алқасымен марапатталды.
«Қос ғасырдың ащы-тұщысын көріп келем ғой. Отағасымның сәл ертерек бақилық болып кеткені болмаса, тағдыр-талайыма ризамын. Тәубе, Көшекең екеуімізден өрбіген ұл-қыздарымның қызық-қуанышына кенеліп отырған жайым бар. Алла ұрпағыма ғұмыр берсін!» – дейді Зағира апамыз.
«Ұрпағыңыздың қызығын қызықтап, ауырмай-сырқамай 100 жасаңыз» дейміз біз де.
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ
САРЫСУ ауылы.